Мәскеудегі Қазақстан павильонына қызығушылық артқан. Жаңа жылдан соң мұнда келушілердің саны бір күнде 15-17 мың адамға жетті. Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде орналасқан ғимарат 2017 жылы қайтадан қалпына келтірілген.
Еліміздің өткені мен бүгінінен сыр шертетін Қазақстан павильонының жалпы аумағы – бес мың шаршы метрге жуық. Ғимараттың басты бөлігінде еліміздің тарихымен, мәдениетімен, сондай-ақ елді дамытудың стратегиялық бағдарламаларымен танысуға арналған ақпараттар ұсынылған.
Анастасия Карабюк, қала тұрғыны:
Өте әдемі ғимарат, көңілімнен шықты. Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, салт-дәстүрімен тереңірек танысқым келеді. Қазақ халқы бай тарихымен ерекше. Сондықтан сіздердің дәстүрге қатты қызығамын.
Бүгінде павильонда қазақ тілі тегін үйретіледі. Сондай-ақ тоғызқұмалақ, шахмат үйірмелері жұмыс істеп тұр. Бір күнде 250 мың адамға дейін тамашалайтын көрме - Мәскеудегі үздік ғимараттардың санатында.
«Қазақстан» павильоны «Құрылыс саласындағы ең үздік іске асырылған жоба» байқауының жеңімпаз атанды. Алдағы уақытта ұлттық дәстүрге үндейтін үйірмелердің санын арттыру жоспарда бар.
Индира Бегайдар