АҚШ-та ауа райының қолайсыздығынан бір апта ішінде тоқсаннан аса адам қаза тапты. Елдің басым бөлігінде дауылды боран тұрып, аяз көтерілді, қалың қардың соңы көк тайғаққа ұласты.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
АҚШ астанасы Вашингтон маңына қар негізі сирек жауады. Онда да әпсәтте еріп кететін. Бірақ биылғы қыс ерекше болып тұр. Қалың қар басып, жұртты әуреге салды. Әсіресе, көк тайғақ жолда көлікпен жүру қиындаған соң тұрғындардың көбі темір тұлпарларын қаңтаруға мәжбүр болды. Міне мына қар басқан көліктерің қозғалмағанына бір аптаға жуықтады.
Басты себеп бұл елде халық жыл мезгіліне сай көлік дөңгелегін ауыстырмайды. Қысы-жазғы бір шинамен жүреді. Содан болар кішігірім қар түссе де, шамалы көк тайғақ болса да жол апта күрт көбейеді. Жалпы халық сақтық танытып, көлігін тізгіндеуді азайтқанымен тәуекелге бел байлап жолға шығатындар да жоқ емес. Салдарынан кейбірінің тас жолда көліктері тайып, апақта ұшырап жатады.
Ауа райының қолайсыздығынан қаза тапқан тоқсаннан аса адамның көбі Теннесси мен Орегон штатының тұрғындары. Бұл өңірлерде үскірік аяз тұрып, бірнеше күн боран соққан. Портленд қаласында тұраққа тоқтаған көлікке электр сымы құлап, үш адам қаза тапты. Бір сәби жарақат алған.
Рик Грейвес, өрт сөндіруші:
Бізде өкінішке орай осындай қайғылы жағдай болды, бораннан ағаш бұтағы сынып, құлаған кезде электр сымын үзген. Ол көлікке түсіп, екі ересек пен бір жасөспірім көз жұмды. Екі жасар бала ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы жаман емес.
Бұрқасыннан Баффало мен Нью Иорк қалаларының да берекесі қашты. Ірі мегаролис тіпті, мектептерде сабақты бірнеше күнге тоқтатып, кейбір білім ғимараттарына мигранттарды уақытша орналастыруға мәжбүр болған. Жалпы, батыс аймақта төрт күн толассыз жауған қардың қалыңдығы кейбір жерлерде бір метрден асқан. Халық ақ ұлпаға көмілген көліктерін аршып әлек.
Қалың қар әуежайларды да басып қалып, мыңдаған жолаушы діттеген жеріне дер кезінде жете алмады. Жалпы, арктикалық ауа массасы оңтүстікке және шығысқа қарай жылжығандықтан 150 млн-ға жуық тұрғын қатты жел мен боранның салдарын сезген.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Синоптиктердің айтуынша, бірер күнде американың көп бөлігінде күн жылына бастайды. Себебі тынық мұхитынан шыққан жылы ауа ағыны АҚШ-ты бір апта торлаған рекордтық төмен температураны алмастырады. Бірақ, күрт жылынудың қауіпі аз емес. Себебі қалың қар еріп, су тасқынына ұласуы мүмкін.
Жалғас Сәдібекұлы