Италия – Франция мен Испания сияқты халықаралық туризмнің бесігі. Жылына 50 млн турист барады. Италия аумағында ЮНЕСКО-ң әлемдік мұра тізіміне кіретін 155 ескерткіш бар. Жаһан бойынша бірінші орында. Басқа елде мұнша ескерткіш жоқ. Тарихи мекендері, қымбат автокөліктері, сән индустриясы, ұлттық асханасы, футбол, әйтеуір, «аңыз-адам» демекші, аңыз мемлекет. Бір барсам дейтін жер. Сонымен бірге күшті мемлекеттердің бірі. Әлемдік экономикада алғашқы ондыққа кіреді – сегізінші орында. Әлеммен қарым-қатынас бағыттарының әрқайсысы маңызды. Әйтсе де магниттей тартатын мемлекеттер бар. Кәрі құрлықтың таған елдері сондай. Оларда да мың сан проблема барын білеміз. Дегенмен локомотив солар. Ал солтүстіктегі соғысты ескерсек, әсіресе сол соғысты «сұмдық» дейтіндермен сауда-экономикалық, мәдени-рухани байланыстарды тереңдетудің маңызды екенін қарапайым адам да түйсінеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рим мен Ватиканға сапарының нәтижесінде Түркістан облысы Созақ ауданында күкірт қышқылы зауытын салудың шарттары мен мерзімін айқындайтын келісімге, Алматыдағы үшінші ЖЭО реконструкциялауды көздейтін ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Алматыда италия мәдениетінің институты ашылады. Барлық жол Римге апарады деген рас ғой, Астанадан Римге және Миланға рейстер ашу жоспары пысықталды. Біздің нарықта да жұмыс істейтін әйгілі Eni корпорациясы Маңғыстауда газ өңдейтін зауыт салмақ. Президент сапары жайлы Досжан Маратұлы баяндайды.
Италия. Рим. 3 мың жылдық тарихы бар мәңгілік қалаға Президент ресми сапармен алғаш рет келді.
Алыстан келген әріптесін Италия президенті Квиринал сарайы, яғни, резиденциясының алдында сән-салтанатпен қарсы алды. Қызыл кілем, қарауыл, атты әскер. Халықаралық протоколға сай, бұл үлкен құрметтің белгісі.
Қос елдің әнұраны шырқалып, тараптар бір-бірінің делегация мүшелерімен қол алысқан соң, келіссөздер басталды. Талқыланған мәселе көп. Негізгісі сауда көлемін арттыру. Қазір ол 15 миллиард доллар. Оның 13 миллиарды экспорт. Қалғаны импорт. Ендігі меже тауар айналымды 20 миллиардқа жеткізу. Ол үшін көлік логистика ғана емес, өзге салаларда да байланысты арттыру жайы сөз болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания бар. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет.
Сержо Маттарелла, Италия Республикасының Президенті:
Италия Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және қоғамдық реформаларға үлкен қызығушылық танытып отыр. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесі екіжақты экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарға тың серпін береді деп ойлаймын.
Жергілікті сарапшылардың айтуынша қазір Еуропалық одақ, жалпы батыс елдері Орталық Азиямен байланысты арттыруға бейіл. Ал бұл аймақта Қазақстан жетекші. Сондықтан былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Германия, Франция сияқты елдердің президенттерімен кездесті. Биыл алғашқы халықаралық сапарын Италиядан бастады.
Козимо Грациани, Саяси сарапшы:
Италия үшін Қазақстанның маңызы зор. Елдеріңіз арқылы аймақпен ғана емес сонау шығыспен де сауда көлемін арттыруға болады. Сондықтан Ресей Федерациясын айналып өтетін транспорттық-логистикалық жаңа жолдардың әлеуетін арттыруға мүдделіміз. Әрі Қазақстан инвестиция құюға қолайлы жер.
Италия – әлемнің сегізінші экономикасы. Дамыған елдермен серіктестікті арттыру біз үшін де тиімді болмақ.
Мемлекет басшысы Италия республикасы министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен де кездесті. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық, мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Кейін маңызды сегіз құжатқа қол қойылды. Оның ішінде ортақ инвестициялық қор құру, электростанция салу секілді бастамалар бар.
Сондай-ақ екі ел арасында әуе қатынасы дамиды. Мәселен енді Алматыдан Италияға аптасына екі емес, үш рейс болады. Әрі Астана-Милан, Астана-Рим бағыты ашылмақ.
Марко Беретта, Итальян-Қазақ сауда қауымдастығының Президенті:
Қазақстан мен Италия 4 бағыт бойынша серіктестікті дамытуды көздеп отыр. Олар креативті индустрия, цифрландыру, су ресурстарын басқару мен туризм. Сәуірден бастап италиялық туристер Қазақстанға көбірек келе бастайды.
Туристер ғана емес, инвестиция да көбейеді. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев есімдері Форбс журналында жүрген италиялық миллиардерлермен кездесіп, Қазақстанға қаржы құюға шақырды. Президенттің айтуынша әлемде геосаяси ахуал ушығып жатқанымен, еліміз аймақтағы ең ірі және қарқынды дамып жатқан ел. Бізде инвестициялық климат қолайлы, өндіріс орнын ашып, табыс табамын дегендерге барлық жағдай жасалған. Оның үстіне жерімізде қазба байлық мол.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Бүгінде біз Еуропа Одағына мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Қажетті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады.
Сапарының екінші күні Мемлекет басшысы Ватиканға да ресми сапармен барып, Рим папасы Францискпен кездесті.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ватикан арасындағы достыққа, құрметке негізделген байланысты жоғары бағалайтынын айтты. Әрі әлемдегі текетірестер мен алауыздықты жоюға бағытталған күш жігері үшін Рим папасына ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде, қазіргі геосаяси тұрақсыздық бүкіл жаһандық қауіпсіздік архитектурасына нұқсан келтіруде, сондай-ақ халықтарды үлкен қайғы-қасіретке ұшыратып, экономикалық қиындықтар тудырып отыр. Қазақстан ізгілікті жақтайтын мемлекет ретінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға іс жүзінде елеулі үлес қосуда. Біз әлемнің түрлі қақтығыс ошақтарындағы БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына атсалысамыз.
Ватикан – әлемдегі ең шағын мемлекет. Шекара ұзындығы небары 3 шақырым. Ауданы 440 мың шаршы метр. Десе де, әлемде 1 миллиард 400 миллион католик барын ескерсек, Рим папасы Францисктің батыс елдеріне, тіпті жер жаһанға ықпалы зор.
Досжан Маратұлы, тілші:
Осылайша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға жасаған алғашқы ресми сапары тәмәм. Сарапшылардың айтуынша, бұл Қазақстанның аймақтағы рөлін күшейтіп, Еуроодақпен арадағы қатынастарды дамытады. Ал сапар аясында табысты келісімдер мен уағдаластықтар аз емес. Ендігі міндет – соларды жүзеге асыру.