Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры маусымның 17-күні, сағат 19.00-де «Есігімді қаққан кім?...» атты драманың премьерасын өткізеді.
Қаллеки театры сахнасында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» туындысы негізінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрлан Жұманиязовтың сахналауында «Есігімді қаққан кім?...» атты драма жарық көрді.
Қарапайым қазақы шаңырақ. Кәрім мен Рәзия атты ата-ананың қызы Гүлнұр мен күйеубаласы Асқар қалада тұрады, күндердің бірінде олар теріс ағым жетегіне еріп өзге елде қоныс аудармақ болады. Сан ғасырлар бойы халқымыздың өміріне сіңісіп кеткен саф алтындай таза ислам діні елімізде қанатын кеңге жаюымен қатар, соңғы кездері елімізде дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарастарға үйлеспейтін түрлі пікірлер, ұстанымдар шыға бастады. Қойылымның негізіне осындай мәселе алынды.
Спектакльдің бас кейіпкерлері Гүлнұр мен Асқардың тұрмыстық жағдайларын өзгертеміз деп өзге діннің жетегіне кетуі өмірлерін күйзеліске түсіреді. Әуеліде таза болып көрінген жат ағым жас отбасының адасқанын, «жылтырағанның барлығының алтын емес» екендігін көрерменге айшық жеткізеді.
Қазіргі таңда дәстүрден тыс діни ағымдардың қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы жиі айтылуда. Алайда, жастар теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар. Олардың дәстүрден тыс діни ағымдар жетегіне кетпей, түзу, таза жолда өмір сүру керектігін қойылым тынысы арқылы түсіндіру режиссердің басты мақсатының бірі.