Ернар Айдар: Оқушы кезден бері шынайы ғашық болып көрмедім - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ернар Айдар: Оқушы кезден бері шынайы ғашық болып көрмедім

14.06.2016
Ернар Айдар: Оқушы кезден бері шынайы ғашық болып көрмедім

Ұлттық арнаның «Сәлем, Қазақстан!» жобасы аясында «Қазмедиа» орталығында әнші  Ернар Айдардың концерті өтті. Бүгінде әншінің репертуарында  90-ға жуық ән бар.

Кеште өнер иесінің  «Ғашықпын», «Сен көрінбейсің», «Тәтті үнің», «Ай-ай жан», «Салқын салқын», «Қазақстаным - Ұлы Отаным-ай», «Сағындым»  сынды  танымал әндері орындалды.

Ернар Айдар өз ән қоржынындағы әндердің жартысынан көбі  ұстазы Бауыржан Есебаевтікі екенін айтты. Кеш барысында  әнші  «Екіге жүрек бөлініп»  әнін Әйгерім Қалаубаевамен бірге дуэт ретінде  шырқап, көрерменнің ыстық  ықыласына бөленді.

«Жұлдызды караоке» айдарында өнер иесі залдағы тыңдармандарымен өзінің репертуарындағы  «Сонда да сүйем» әнін қосыла шырқап, жобаның «Ашық микрофон» айдары бойынша сан түрлі сұрақтарға жауап берді.

Әнші  «Сіз шынайы ғашық болып көрдіңіз бе?» деген сұраққа: «Мектепте 4-ші немесе 5-ші сынып оқып жүрген кезімде ғашық болдым, ол әрине бала махаббат. Алайда, есейгелі шынайы ғашық болып көрмедім»,-дейді.

«Папарацци» айдарында көпшілік сахна жұлдызының тосыннан түсірілген, сахнадан тыс өміріндегі суреттерін тамашалады.

Әншінің «Сәлем, Қазақстан!» жобасы аясында өткен кешіне арнайы келген тыңдармандары да  болды. Олар сыйлықтарын тапсырып, «Жарай ма?» әнін әншімен  қосыла шырқады.

Өнер жұлдызы  кеш соңында әнсүйер қауыммен тағы бір мәрте табыстырған Ұлттық арна ұжымына алғысын білдіріп, «Сәлем, Қазақстан!»  сынды жобалардың көптеп  қолға алынуын  тілейтінін жеткізді.

Хабарламаларға жазылу