Шалғайдағы елді мекендерге Илон Масктың интернеті жетті. Қазіргі таңда ел бойынша он ауыл мектебі «Starlink» спутниктік жабдығы арқылы таратылған ғаламтордың игілігін көріп отыр. Осылайша бұрын байланыс орнату үшін тау-тасты аралап, қиналған мектеп оқушылары мен мұғалімдер қазір еш кедергісіз түрлі әдіс-тәсілдер арқылы жұмыс істей алады. Жоба пилоттық режимде бастау алған. Соның аясында биыл тек Ақмола облысының өзінде 270 мектепке жоғары жылдамдықты ғаламтор желісі тартылмақ. Жалпы ел бойынша Space X технологиясының көмегімен елді мекендердегі 2 мыңға жуық білім ордасын интернетке қосу жоспарланып отыр.
Рустам Күлниязов, облыстық білім басқармасының жанындағы аймақтық білім берудегі жаңа технологиялар орталығы директорының орынбасары:
Ақмола облысында Қорғалжын ауданы Майшұқыр ауылындағы жалпы білім беретін мектебі тестік режимде интернетке қосылған болатын. Starlink технологиясының қосар алдында ол мектепте интернет жылдамдығы 10 мбит болса, Starlink технологиясын қосқаннан кейін сол мектепте интернет жылдамдығы шамамен 150 мбитке дейін артылды.
Ұмсандық Наурызбаева