АҚШ-тың ұлттық қарызы 34 триллион доллардан асып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тың ұлттық қарызы 34 триллион доллардан асып кетті

04.01.2024

АҚШ-тың ұлттық қарызы 34 триллион доллардан асып, рекордтық көрсеткішке жетті. Үкімет берешегінің тоқтаусыз ұлғаюы ел экономикасымен ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді дейді мамандар. Себебі, қазірдің өзінде қарыз көлемі ішкі жалпы өнімнен жиырма пайызға асып кеткен. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы сапаршылардың пікірін тыңдап көрді.

Жарты жыл бұрын ғана Ақ үй мен Конгресс ел экономикасын дефолттан сақтау үшін ұлттық қарыз межесін уақытша алып тастаған еді. Яғни үкіметке құнды қағаздар шығару арқылы кедергісіз қарыз алуға мүмкіндік берген-ді. Cоның салдарынан мемлекеттік берешек күрт өсті. Алты айдың ішінде екі триллион долларға көбейді. Конгресс ұлттық қарыз 2029 жылы 34 триллион болады деп болжаған еді. Алайда, бұл межеге бес жыл ерте жетті. Ұлттық қарыз мөлшерін шынайы уақыт режимінде көрсететін арнайы сайттың мәліметіне қарағанда мемлекеттік берешекті әрбір америкалыққа шаққанда жүз бір мың доллардан ал, әр салық төлеушіге бөлгенде 264 мың доллардан келеді. Мамандар мұндай тенденцияға тоқтау болмаса, ұлттық экономика тоқырайды деп отыр.

Рэй Далио, миллиардер инвестор:

АҚШ үлкен қарыз дағдарысының алдында тұр. Үкімет шығаратын құнды қағаздарды алушылар азайды. Ал, елдің тұрмыстық жағдайы нашарлап, бай мен кедейдің арасы тым алшақтап барады. Саяси партиялар халықтың әл ауқатын ойлаудың орына саяси ұпай жинау үшін популистік әрекеттерге әуес. Бұл экономикаға ешқандай жақсылық әкелмейді. Сондықтан бізге орта жолды таңдайтын партия аралық ымыра керек.

АҚШ-ты билеп төстеп отырған екі партия да ұлттық қарыз мөлшерін азайтуға мүдделі. Бірақ екі жақ екі түрлі жолды ұсынады. Демократтар ірі корпорациялар мен байларға салықты арттырып, кірісті ұлғайтқысы келеді. Бұған республикалықтар түбегейлі қарсы. Олар керісінше әлеуметтік және медициналық шығындарды және жасыл экономиканы дамытуға бөлінген қаржыны қысқартуға құлшынып отыр. Бірақ, бұл ұстаным демократтарға ұнамайды.

Марк Занди: экономист:

Заң шығарушылар сайлаушылар үшін бір мәмлеге келуі тиіс. Өзгеріс жасамасақ, салықты көтеру, шығандарды азайту секілді қатаң болса да нақты шараларды қолға аламасақ, пайыздық мөлшерелеме өсе береді. Көптеген америкалыққа үй алмақ түгілі тіпті көлік сатып алуы мұң болып қалады.

Ал ұлттық берешектің тоқтаусыз өсуі бюджетке үлкен салмақ салып жатыр. Себебі, үкімет қарыз берушілердің тек пайыздық үстемесін төлеу үшін күн сайын екі миллиард доллар жұмсауға мәжбүр. Былтырдың өзінде 750 миллиард доллар төлеген. Яғни, бұл ұлттық қауіпсіздікке жұмсалған ақшамен пара-пар қаржы. Десе де АҚШ бюджетіне түсетін ауырталық әлі де артатын секілді. Себебі, үкіметтің әзірге шындарын өтеу үшін сырттан қарыз алғаннан басқа амалы жоқ.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу