Шығыс Қазақстанда қар көшкінінен қорғайтын бөгеттер орнатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда қар көшкінінен қорғайтын бөгеттер орнатылады

29.12.2023

Шығыс Қазақстан облысында тек тау арасынан өтетін 200 шақырымдай тас жол бар. Өте қауіпті аумақ саналса да, қысы-жазы көлік нөпірі үзілмейді. Өйткені басым бөлігі туристік бағыттар. Қар көшкіні түскен кезде жол жабылады. Осындай келеңсіздікті болдырмау үшін сала мамандары техникалық университет ғалымдарымен бірілесіп арнайы жоба жасап жатыр. Ол іске асса қар көшкіннің алдын алуға болады.

Бақылауды күшейтпеске амал жоқ. Жалпы елімізде қар көшкіні түсетін 800-ден астам аумақ болса, оның 500-ге жуығы шығыста. Көшкін көп түсетін таулы өңірлердің арасындағы жолдарда қысы-жазы көлік жүреді. Оған қоса, 70-тен аса елді мекен бар. Енді осындай қауіпті аумақтарға автоматты қондырғылар қойылмақ.
 
Советбек Самбеков, облыстық аумақтық пайдалану басқармасының басшысы:

Автоматты түрдегі қондырғылардың тиімділігі ол осы ьарлық қар түсетін ошақтардағы бүкіл қардың биіктігін, қардың құрамын сол жағдайлардың бәрін бізге 3Д форматы арқылы көреміз.
Шығыста былтыр қыста қарлы-бораннан 174 рет жол жабылды. Салдарынан негізгі логистикалық бағыттардағы көлік қозғалысы 344 сағатқа тоқтады. Ауылдарға дәрі-дәрмек, азық-түлік тасымалдау қиындады. Қолайсыздық жылда қайталанбас үшін жолдың кейбір бөліктеріне арнайы қар тоқтатқыштар орнатылмақ.

Ерлан Уәлиев, облыстық жолаушылар көлігі автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

Автомобиль жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Өскемен-Тарғын-Самар» автомобиль жолының 132, 134, 135-шақырымында қар ұстайтын тосқауылдар орнату бойынша жоба қазір әзірленіп жатыр. Негізгі мақсат жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек, себебі бізде қар көшкіні кездерінде жол жабылады.
Физика-математика ғылымдарының кандидаты Наталья Денисова қар көшкінін болжау бойынша зерттеу жүргізіп жүр. Ғалымның айтуынша, жоба шеңберінде таулы жерлерде жауын-шашын көлемі мен топырақтың құрамын анықтайтын құрылғылар орнатылады. Сол арқылы қар көшкінінің алдын ала болжауға болады.

Наталья Денисова, физика-математика ғылымдарының кандидаты:

Бұл жүйе тау шатқалдарында қар массаларының жүруін есептей алады. Кейін метеорологиялық мәліметтер, яғни, қардың түсуі туралы ақпарат жинақталып, мұқият сараптама жасалады. Осылайша, үнемі қар көшкіні түсетін жерлерді анықтаймыз.
Ғалымдар жасаған жобаны қолдауға оқу-ағарту министрлігі 600 миллион теңге бөлді. Ал қардан қорғайтын бөгеттер құрылысына қаржы бөлінсе, келер жылы ол да орнатыла бастайды.


Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу