Шығыс Қазақстан облысында жаңа екі аудан құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында жаңа екі аудан құрылды

29.12.2023

Шығыс Қазақстан облысында Қатонқарағай және Марқакөл аудандары құрылды. Өңірдің әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгеріс енгізу туралы жарлыққа Президент қол қойғанын Ақорда сайты хабарлады. Құжатқа сәйкес ауданның әкімшілік орталығы болып Қатонқарағай ауылы белгіленді. Бұрын Күршімнің құрамында болған Марқакөл де жеке әкімшілік болып бөлінді. Аудан орталығы – Марқакөл ауылында болады. Ал Үлкен Нарын мен Күршім бұрынғыдай аумақтық тұтастығын сақтап жеке-жеке аудан болып қала береді.

Президент Абай облысында Мақаншы және Жаңа Семей аудандарын құру туралы жарлыққа да қол қойды. Оған сәйкес, Үржар ауданының құрамынан бөлу арқылы әкімшілік орталығы Мақаншы ауылында орналасатын, Мақаншы ауданы құрылады. Ауданға 11 ауылдық округ, 18 елді мекен енеді. Сондай-ақ, Семей қаласы құрамында болған 12 ауылдық окург пен 2 кент бөлінді. Енді олар әкімшілік орталығы Семей қаласының аумағында орналасатын жаңадан құрылатын Жаңасемей ауданына қарайды. Президент Жарлығы келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу