Біздің арнада көрсетіліп жатқан «Алданған арман» телехикаясы қалың көрерменнің көңілінен шығып үлгерді. Әлемде сериал түсіруде алдыңғы қатардағы Түркияда бүгінде хикаяның екінші маусымы түсіріліп жатыр. Осы телехикаяның түсірілім алаңына біздің Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы барып, актерлармен сұхбаттасып қайтқан еді. Назарларыңызға ұсынамыз.
Түсірілім алаңында қарбалас. Режиссер үшін күндізгі уақыттың әр сәті қымбат. Түркияда телехикаялардың апта сайын жаңа бөлімі түсіріледі. Яғни бір апта ішінде екі сағаттық серияны түсіріп, монтаждап көрерменге ұсынып үлгеру қажет. Біздің келгенімізді естіген актерлар түсірілім арасында уақыт тауып сұхбат беруге асықты.
Ержан Кесал, Әли рөлін сомдаушы:
Түсірілімдер таңнен кешке дейін болады. Сондықтан шаршайтынымыз рас. Дегенмен арасында көңіл көтеріп күліп те аламыз. Мәселен мен түсірілім кезінде актерлардың рольдегі атын емес шын өмірдегі атын айта берем. Осыған әрдайым күлеміз. Бауырлас қазақ халқына, біздің көрермендерге ыстық сәлем жолдаймын.
Мелтем Байток, Назан рөлін сомдаушы:
Мен сериалда Назанның ролін сомдаймын. Өзіме мінез-құлқы да ұснатымы да жақын бір кейіпкер. Осы түсірілім алаңынан бізді өз үйлеріне кіргізіп, телехикаямызды көріп жүрген қазақ көрермендерге сәлем жолдаймын. Тарихымыз бен мәдениетіміз бір болған қазақ халқына, Қазақстан каналының көрермендеріне рахмет!
Түсірілім Ыстанбұлдың шетінде өтіп жатыр. Бұл жер сериалдағы Гөзиде ханымның үйі. Актерлар кезекті сахнаға дайындалып сценарий оқып жүр. Қазақстан арнасынан келгенімізді естіген Жанан Урекил бізді өзі іздеп келді. Қазақстан туралы көп мағұлмат біледі екен.
Жанан Урекил, Зейнеп рөлін сомдаушы:
Екі жыл бұрын «Селжұқтар» тарихи сериалында дублер болып ойнаған едім. Сол жерде қазақ каскадерлерімен таныстым. Олардан атқа мінуді, қылыштасуды үйрендім. Менің бұл талабымды көрген режиссер мені негізгі актер ретінде сол сериалға алды. Сол қазақ жігіттерінен қазақ халқы туралы, тарихы туралы көп ақпарат алдым. Өте мықты халық екендіктеріңізді білдім.
Мұрат Сарачоғлы Түркияда сериал түсіру саласындағы танымал режиссер. Жазда басталған «Алданған арман» сериалының қазір екінші маусымын түсіріп жатыр.
Мұрат Сарачоғл, режиссер:
Түрік сериалдарының әлемде танымал болуының бір себебі - көптеген адамдардың өз басындағы проблемаларының біздің хикаяларда көрсетілуі және шешімін табуы шығар деп ойлаймын. Біздің телехикаяны таңдаған, бізбен бірге болған барлық қазақстандық көрермендерге алғысымды білдіремін!
Түркия бүгінде сериал түсіру және сату бойынша әлемде үздік бес елдің қатарында. Фильм сатудан түрік компаниялары 2022 жылы 500 млн доллар пайда тапқан. Ал «Алданған арман» телехикаясының екінші маусымын алдағы уақытта Ұлттық арнадан көре аласыздар.
Айдос Әшімұлы