Ұлыбританияда дәрігерлер наразылық шарасын ұйымдастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда дәрігерлер наразылық шарасын ұйымдастырды

25.12.2023

Ұлыбританияда кіші санаттағы дәрігерлер ел тарихындағы ең ұзақ наразылық шарасын ұйымдастырды. Олар науқастарға ем-дом көрсетудің орнына бірнеше күннен бері көшеге шығып, жалақыларын көбейтуді талап етіп жатыр.

Марина Бекенова, тілші:

Бұл – Лондон орталығындағы ірі ауруханалардың бірі. Кіші санаттағы дәрігерлері үш күннен бері кәсіби міндетін орындаудың орнына қолдарына транспаранттар ұстап, наразылықтарын білдіріп жатыр. Ақ халаттылар жалақыларын 35 пайызға өсіруді және еңбек шарттарын жақсартуды талап етуде.

Лиззи Гринфилд, кіші санаттағы дәрігер:

Штаттағы дәрігелер саны шектеулі. Медбикелер өте аз. Біз шаршадық. Ешқандай қолдау көрмейміз, біліктілігімізді шыңдап жатқан жоқпыз.

Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің тең жартысын кіші санаттағы дәрігерлер құрайды. Яғни, 10 жылға дейін еңбек өтілі бар жас мамандар мен медициналық жоғары оқу орнын жақында тәмамдаған түлектер. Жалпы саны 70 мыңға жуықтайды. Олардың үштен екісі кәсіподақ ұйымының мүшелері. Британ медициналық қауымдастығы үкіметпен бір мәмілеге келе алмай отыр.

Виктория Аткинс, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі:

Кіші санаттағы дәрігерлер мен кәсіподақ ұйымының келіссөздер үстеліне қайта отырғанын қалар едім. Ауруханалардың жұмысы жанданса игі.

Дәл осындай ереуілдер бүкіл Англия бойынша ұйымдастырылды. Жаңа жылдан кейін наразылар тағы 6 күн жұмысқа шықпаймыз деп отыр. Бұл - Ұлттық денсаулық сақтау қызметі тарихындағы ең ұзақ ереуіл. Нәтижесінде 1 миллионнан астам адамға медициналық көмек көрсетілмейтін түрі бар.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу