Өзбекстанда қуат тапшылығы туындап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда қуат тапшылығы туындап отыр

22.12.2023

Өзбекстанда электр қуаты мен газды ұрлап тұтынатындар көбейді. Осының салдарынан қуат таратушы мекемелерге 73 млрд сом шығын келген. Ал электр қуатын үнемдеу үшін көше шамдарын, жарнамалық экрандар мен өзге де жарық тарататын құрылғыларды кешкі уақытта өшіру қолға алынды.

Күн суытып ауа температурасы төмендеген тұста электр энергиясын тұтыну бірден артып, қуат тапшылығы туындады.Желілерге де айтарлықтай салмақ түсті. Аймақта 33 мыңдай трансформатор мен 120 мың шақырымнан астам желі тозған. Өндірілген қуаттың 12 пайызы тұтынушыға жетпей далаға кетеді. Бұл алдымен көпқабатты үйлерге әсер етеді.

Қала халқы тоңбауы үшін жасалып жатқан шаралар аз емес. Жылыту маусымына әзірлік барысында Ташкентте 5600-ден астам көпқабатты үй күрделі жөндеуден өткен. 2055 үйдің шатыры жаңартылды. Ғимараттардың басым бөлігінде электр тарату құрылғылары алмастырылды.

 Обиджон Муминов, Өзбекстан республикасы құрылыс және түкш министрлігінің басқарма басшысы:

Көппәтерлі үйлердің кіреберісіне 62 мыңдай ақылды шам орнатылып тәулігіне 73 мың кВт сағат электр энергиясы үнемделіп отыр. 1631 үйдің жертөлесінде инженерлік-коммуникациялық жүйе жаңартылды. Даладан суық ауа кірмес үшін жылу сақтайтын темір есіктер орнатылды.

Желтоқсан айы басталғалы электр қуаты мен газды ұрлап тұтынатындар көбейді. Айдың 1 мен 15 аралығында 411 жағдай тіркелген, шығын көлемі 73 млрд сомнан асады.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу