Түркияда «Ұлы даланың алтыны» көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда «Ұлы даланың алтыны» көрмесі ашылды

21.12.2023

Түркия астанасы Анкара қаласында «Ұлы даланың алтыны» атты көрме ашылды. Оған белгілі ғалым, археолог Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер қойылды. Берел, Шілікті, Елеке сазы қорғандарынан табылған 25 мыңнан астам алтын бұйым сақ дәуіріндегі бабаларымыздың зергерлік және қолөнер шеберлігін айшықтайды. Әсіресе Зейнолла Самашев бастаған археологиялық қазба жұмыстары кезінде былтыр табылған Елеке сазының «Алтын адамына» тиесілі бұйымдар ғалымдар мен келушілердің асқан қызығушылығын тудырды. Осы шара аясында сондай-ақ ғалымның «Көне түркі бейнелеу өнері» кітабы түрік тілінде жарық көрді. Анадолы өркениеттер музейіндегі ерекше көрме тегін, әрі қаңтар айының соңына дейін жалғасады.

Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, археолог:

Бұл көрме Шығыс Қазақстан облысында архелогиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер. Бұны басқа елдерде де ұйымдастырғанбыз енді Анкараға келіп отырмыз. Негізінен Түрік республикасының 100 жылдығына арналған шара деп есептейміз. Бірақ та бүкіл түрік халықтарының интеграциясы қарқынды жүріп жатыр. Соны әрі қарай жалындатып, алға өрлету деген сияқты шаралар аясында жүріп жатқан шара.

Хайреттин Ихсан Эркоч, университет оқытушысы:

Бүгін Анкарада тарихи маңызы үлкен көрме өтіп жатыр. Қазақ археолог Самашевты Түркияда көргенімізге қуаныштымыз. Түрік тіліндегі еңбегі тарих ғылымына қосылған құнды зерттеу болады деген сенімдемін. Қазақстанға барып көре алмаған едік, бүгін ұлы қазақ даласынан табылған жәдігерлерді Анкарада көріп отырмыз. Анадолыда табылған қазбаларға қарағанда мүлде өзгеше дүниелер бар екен.

Айдос Әшім


Хабарламаларға жазылу