Еліміздің бірқатар өңірінде тұрғындар тағы да жылусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бірқатар өңірінде тұрғындар тағы да жылусыз қалды

20.12.2023

Еліміздің бірқатар өңірінде тұрғындар тағы да жылусыз қалды. Бүгін Ақтау қаласында және Қостанайда құбыр жарылған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жезқазған жылу электр орталығындағы істен шыққан қазандықтарды қайта қалпына келтіру жүмыстары жүріп жатыр. Өңірлердегі ахуалды тілшіміз Ұмсындық Наурызбаева баяндасын.

Бірнеше аймақтың жылу желісінде ақау болды

Ақтауда жылу желілеріндегі апаттан 4 бірдей шағын аудан жылусыз қалды. Кейбір нысандарға да шектеу қойылған. Сондай-ақ, бүгін таңертең қалалық екінші емханада жылу жүйесі жарылып, тұрғындар мен медицина қызметкерлері эвокуацияланды.

Жарас Байғожаев, Ақтау қалалық екінші емхана басшысы:

Қазіргі таңда жылу жүйесі, электр энергиясы барлығы қалпына келтірілді. Тек қана 8 кабинетіміздің электр жүйесін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал Қостанай қаласындағы аэропорт шағын ауданында жылу құбыры жарылды. Ақау жөнделгенше 42 тұрғын үй, мектеп пен әуежай жылудан ажыратылды. Бұдан бөлек, тағы да екі шағын ауданда жылу трассасындағы ақауды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Салдарынан 71 тұрғын үйге жылу беру уақытша тоқтатылған.

Марат Жүндібаев, Қостанай Қаласының әкімі:

Біз ол ақауды аязды күндері анықтадық. Алайда, күннің жылығанын күтіп, тұрғын үйлерді жылудан ажыратқан жоқпыз. Енді қазіргі жоспар бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Ал Жезқазған жылу электр орталығы қазір 4 қазандықпен жұмыс істеп тұр. Жедел жөндеу жұмыстарынан кейін 4-і және 6-шы қазандықтар қайта іске қосылған болатын. Ал 5-ші қазандық бүгін кешке қыздырыла бастайды.

Кентауда істен шыққан қазандық қайта қосылады

Түркістан облысының Кентау қаласында жылу энерго орталықтың төртінші қазандығы қайта іске қосылады. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімет таратты. Мамандар жарықтың сөнуінен істен шыққан қазандықты бір апта бойы жөндеп шыққан.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу