Харассментке қоғам қарсылық таныта ала ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Харассментке қоғам қарсылық таныта ала ма?

17.12.2023

Жұбайын өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаев ісі қоғамда резонанс тудырғанда тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы петицияға қол қойыла бастаған. Петиция бір айда 150 мыңнан астам дауыс жинап үлгерді.

Бірақ оның ешқандай заңды күші жоқ болып шықты. Себебі азаматтардан талап-арыз қабылдайтын ресми онлайн-платформа тек келесі жылдың сәуір айынан іске қосылады.

Әйтсе де, отбасындағы зорлық-зомбылықты тыюға қатысты жұмыс кезінде мемлекеттік органдар бұл петицияны да ескереді деп жазды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында.Естеріңізде болса, осыдан екі ай бұрын Президент кемі 50 мың дауыс жиған петицияларды үкімет деңгейінде қарастыру туралы заңды бекіткен еді.

Мемлекет басшысы өткен аптада тағы бір маңызды құжатқа қол қойған. Ол – «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлық.

Онда осы тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық заңды қатаңдату тапсырылған. Ал, одан бөлек, «жұмыс орнындағы жыныстық қудалау» ұғымын енгізу арқылы еңбек саласындағы заңды жетілдіру міндетін қойды.

Басқаша айтқанда, енді жұмыстағы харассмент кәдімгі заң терминіне айналып, ол үшін жаза қарастырылмақ. Ендігі жылдан бастап. Әзірге біздің қоғам түгелдей харассмент ұғымын білмейді немесе түсінгісі, әлде мойындағысы келмейді. Бұған Еңбек министрлігі мен БҰҰ бірлесіп жасаған зерттеу дәлел.

Сауалнамаға қатысқан мың жарымға жуық әйелдің жартысынан көбі жұмыс орнында қырындау, қорлау немесе зорлау фактілері бар екенін айтқан. Ал зерттеу авторлары жұмыс істейтін 300 мыңдай қыз-келіншек өмірінде бір рет болса да харассментті басынан өткерді деген тұжырым жасады.

Харассмент деген не? Қандай түрлері бар? Қалай тыюға болады? Данияр Қайыртай түсіндіреді.

Харассмент деген көбіне құқы басым адамның өзіне бағынышты, тәуелді адамға көрсететін зәбірі ретінде түсіндіріледі. Яғни сөзбен не іс-әрекетпен кемсіту, қорлау, жаншу, тіпті жыныстық қатынасқа тарту. Ал оның ең сорақысы – зорлауға ұласады.

Аяжан Ойрат, құқықтық саясат маманы, заңгер:

Адамның жеке шекарасын бұзатын, этикаға қайшы әрекеттер. Формалары әртүрлі болады. Мысалы, физикалық контакт. Массаж, басынан сипалау, фотоға түскенде қатты құшақтау – бір формасы. Екінші формасы – вербалды харассмент. Мысалы, кездесуге шақыру, анекдоттар айту, адамды қорлайтын сөздер.

Айнұр Тұқымова, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Әлеуметтік желілер арқылы әртүрлі аудио, видео, фото материалдарды жіберу, анайы бейнелерді жіберу, осының бәрін харассмент деп қабылдауға болады. Әріптестің жеке шекарасын бұзу, яғни оны жағымсыз бір жағдайда қалдыру.

Қазақстан түгілі, әлемде харассмент оқиғалары ашық айтыла бастағанына көп бола қойған жоқ. 2017 жылы ондаған танымал актриса мен киноиндустриядағы әйелдер америкалық кинопродюсер Харви Вайнштейннен сексуалды сипаттағы харассмент көргенін жариялайды. Кейін сол үшін атақты продюсер 23 жылға сотталады. Осыдан соң жыныстық бопсаға және зорлыққа тап болған қыз-келіншектер #MeToo деген хэштегпен өз оқиғаларын жаза бастайды. Бұл флешмоб яки қозғалыс халықаралық деңгейде қолдау табады. Сөйтіп, науқан «Вайнштейн эффектісі» деген феноменді тудырды.

Вайнштейн эффектісі Қазақстанда тарала қоймады. Бірақ бұл харассменттен адамыз деген сөз емес. Еңбек министрлігіне қарасты зерттеу орталығы жүргізген сауалнама нәтижесіне қарағанда әйелдердің 51% Қазақстанда жұмыс орнында харассмент болатынын растаған. Ал сол сауалнамаға қатысқан 1300-ден астам әйелдің 12% сондай қысымға өзі тап болғанын айтқан. Олардың 58% жуығы ондай жағдай бірнеше рет қайталанғанын атап өтіпті. Әрі олар көбіне (52%) басшылықтағы адамнан харассмент көрген. Ал мұндай әрекеттер жұмыс орнында (41%) және корпоративтік іс-шаралар кезінде (38%) жиі болады екен. Әйелдер іс-сапарларда да (12%) жыныстық бопсаға тап болады.

Әлімжан Бекмағамбетов, ҚР ЕХӘҚМ Еңбекті қорғау жөніндегі РҒЗИ директоры:

Бірінші себеп – қолындағы билік, билік болғасын – мүмкіндік. Сол мүмкіндікті асыра пайдалану. Екіншіден, егер бұл әрекеттер, бұл фактілер анықталмаса, анықталмағасын жазаланбаса, ол қайталана береді. Ал енді ер кісілердің атайтыны – әйелдер провакация жасамауы керек. Этикалық тұрғыдан сыртқы келбетін алатын болсақ, оның ішінде киінуі дегендей.

Аяжан Ойрат, құқықтық саясат маманы, заңгер:

Сен өзің кінәлісің ғой, сен неге ондай киім киесің, сен ондай жұмыста неге істейсің, сен далада неге түнде жүресің, барға неге барасың деген сияқты әңгімелер басталады ғой. Ол – виктимизация.

Айнұр Тұқымова, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Өкінішке орай, қыз балалар бұл жағдай туралы ашық айтуға өте қысылады. Көбісі ойлайды, менің кінәм деп.

Ал қоғамда ашық айтылмаған тақырыптар көркем әдебиетте, фильмдерде көрініс таба бастайтыны белгілі. Мәселен, америкалық Amazon маркетплейсінде саудаланып жатқан мына кітапта қазақстандық әйел жазушылардың шығармалары ағылшыншаға аударылып жинақталған. Соның бірі – журналист Ая Өміртайдың харассмент туралы әңгімесі. Ол осы көркем туындысын отандық басылым жарияламай қойғанын айтады. Харассмент тақырыбын қоғам қабылдай алмай жатқанына бұл да дәлел бола алатын сияқты.

Ая Өміртай, журналист, жазушы:

Қыздардың басынан өткен, өзім жолыққан мәселелердің басын құрай отырып, бұл әңгімеде харассменттің еңбек ұжымында жиі көрініс табатынын атап өттім. Сонда жұмыс іздеген жас қыздың патриархал қоғамда алдынан қандай қиындықтар кездеседі, ол сол қиындықтарды қалай еңсереді – бір қыздың шағын сезінуі арқылы өрбиді.

Бұл – медиа кеңістігімізде харассмент тақырыбында түсірілген алғашқы деректі фильм шығар, бәлкім. «Қорғансыз» деп аталатын туынды авторы – документалист Әлия Әшім. Оған да бұл тақырыпқа баруына өзі және айналасындағы құрбылары тап болған харассмент оқиғалары себеп болған.

Әлия Әшім, журналист, документалист:

Мен оны не үшін түсірдім? Кез келген фильмді түсіретін кезде мен өзімнің «боль» дейді ғой, содан «отталкиваюсь». Мен харассментті жұмыста көргем, университетте көргенмін.

Әлия Әшім, журналист, документалист:

Мен 4 адамды жинадым. Қатты таңғалғаным – виктимблейминг. Еркектер, қоғам консервативті болған соң түсінбейді. Қыздарды кінәлайды. Барлығы демеймін, сол отырғандар фильмде. Сосын шекараның қалыптаспауы. Менің түсінгенім – өздерінің шекарасын қорғап үйренбеген ер-азаматтар қыздардың да шекарасын бұза береді, оңай.

Бірақ харассмент ұғымы жыныстық қатынасқа тартумен, анайы түрде қырындаумен шектелмейді. Оның ауқымы кеңірек. Тіпті, моббинг, буллинг, шейминг, газлайтинг сияқты дискриминация түрлерімен ұқсайтын тұстары да бар. Демек харассментке әйел адамдар ғана емес, еркектер де ұшырауы мүмкін.

Айнұр Тұқымова, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Бұл тек жыныстық қана емес, экономикалық, физикалық, психологиялық қысым көрсету. Кейбір іс-әрекетіңіз ұнамай қалды, мысалы, басшылыққа. Сонда харассмент жасау арқылы лауазымыңызды түсіру, қызметтен төмендету немесе жалақыңызды азайту деген сияқты +мақсатты көздеуі мүмкін.

Аяжан Ойрат, құқықтық саясат маманы, заңгер:

Адамның нәсілі, оның жасы, діни сенімі, түрлі-түрлі сипаттамаларына қатысты белгілі бір әрекеттер. Қазақша сөйлейтіндерді де харассмент жасайды. Орысша сөйлейді деп те харассмент жасайды. Мысалы, мәңгүрт деп айту немесе керісінше мамбет деп айту. Ол да харассменттің бір түрі.

Енді бұл құбылысты қалай тыямыз? Иә, алдымен заң керек. Жаңа айтқан Еңбек министрлігі жасаған зерттеудің қорытындысында да авторлар сондай тұжырымға келеді. Харассерлерді жазалау қажеттігін сенатор Дархан Қыдырәлі де жақында депутаттық сауалында атап өткен. Әрі, сарапшылар, Халықаралық еңбек ұйымының Еңбек саласындағы харассментті жою туралы конвенциясын ратификациялауды ұсынады.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жалпы зорлық-зомбылыққа қатысты заң алдына талқыланған. Тұрмыстағымен бірге, жұмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі қамтылса дұрыс болар еді. Сонымен қатар, әрбір министрлік, ведомство немесе мекеме өз ішінде бұйрық шығара алады. Осы харассментке қарсы ереже дайындай алады. Оған арнайы уәкіл бекітіп. Оған арнайы заң қажет емес. Осылай әрбір жерде харассментке қарсы мәдениет қалыптастыру қажет.

Аяжан Ойрат, құқықтық саясат маманы, заңгер:

Жұмыс берушілердің құқықтарын кеңейтуіміз керек. Егер жұмыс берушілер жұмыс орнында біреу біреуді харассмент жасаса, онда сол агрессорға қатысты бірнеше шаралар жасауға құқық беру керек. Бірінші орында, әрине, жұмыстан шығару. Екіншіден, ескерту мүмкіндігі де болуы керек. Ол – харассменттің қауіпсіз түрлеріне қатысты.

Айнұр Тұқымова, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Мемлекетте харассментке қарсы нөлдік төзімдік саясатын қабылдауымыз керек. Бізге ақпараттық жұмыс керек, тренингтер керек сияқты. Мүмкін офисте плакаттар іліп қоюға болады, ескерту сияқты. Немесе қазір бізде тәжірибе бар ғой, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, жұмысқа тұрар алдында инструкциядан өтеміз. Сол сияқты харассментке жол бермеу туралы инструкциядан өткізу керек болар.

Әлімжан Бекмағамбетов, ҚР ЕХӘҚМ Еңбекті қорғау жөніндегі РҒЗИ директоры:

Бүкіл елдер сияқты Конвенцияны ратификация жасау, ол енді үлкен жұмыс. Себебі ратификацияның алдында жан-жақты дайындық керек. Заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруіміз керек. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған кісілерге арнайы кризис орталықтар, ол да қаражатты қажет етеді.

Әлия Әшім, журналист, документалист:

Бірақ мәселе тек заңда емес. Мен көп затты қоғамға сеніп тапсырар едім. Өйткені қоғамда айтылуы керек, рапорт болуы керек, яғни сондай жағдайға ұшыраған кезде, мысалы мен Әлия, менің бастығым немесе досым сипап қалды ма, мен оны айтуға қорықпауым керек. Ол анонимді түрде, қорғалуы керек.

Біз еңбек ұжымындағы харассментке тоқталдық. Заңмен және ережелермен реттеуге болатыны да харассменттің жұмыс орнындағы формалары. Ал оның көшеде, қоғамдық орында, интернет кеңістігінде болатын кэтколлинг, сталкинг, секстинг сияқты түрлері де бар. Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың өзін азайта алмай жатқан қоғам бұл қиын терминдерді талқылау тұрмақ, түсінгісі келмейтін сияқты...


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу