Көпті қызықтырған «9-20-25» тұрғын үй бағдарламасының қашан іске қосылатыны белгілі болды. Әрі «Отбасы банкі» өкілдері бүгін баспана бағасына қатысты болжам жасады. Келер жылы шаршы метр құны қанша болуы мүмкін? Сондай-ақ елімізде жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы басталды. Оның талаптары қандай? Досжан Маратұлы айтсын.
Қазір жас ғалымдар шетелге кетуге әуес. Себебін сұрасаң «бізде ғылым бағаланбайды, жалақы төмен» дейді. Сондықтан президент инновация ашуға жаны құмар, білімді жастарға жағдай жасап, баспанамен қамтуды тапсырған еді. Бүгін жауаптылар арнайы тұрғын үй бағдарламасының іске қосылғанын айтып, талаптарын атады. Оған Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты институттардың 40 жасқа дейінгі жас ғалымдары қатыса алады. Басты талап - баспанасы болмауы керек.
ДАРХАН АХМЕТ-ЗӘКИ, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі таңда біздің институттарда жұмыс істеп жатқан ғалымдар көпсалалы зерттеулер, пәнаралық зерттеулермен айналысады. Олардың әрине ғылыми деңгейі әртүрлі. Бірақ осы жобаның шеңберінде бәріне бірдей мүмкіншілік беріледі.
Мамандардың айтуынша бағдарлама ғылым қуған жастарға көп көмек. Қазірдің өзінде 40 қа жуық ғалым өтініш беріп үлгерген. 9-ы мақұлданыпты.
Ал тұрғын үй бағдарламасының шарттары мынадай: жылдық мөлшерлеме 5 пайыз. Алғашқы жарна 10 процент. Несие көлемі 20 миллион теңге. 19 жылға беріледі.
Ал көпшілік асыға күтіп отырған 9-20-25 бағдарламасы келер жылы көктемде басталады. Бірақ оған қанша қаржы бөлінетіні әзірге белгісіз.
ЖАНСҰЛТАН МАТАЕВ, «ОТБАСЫ БАНКІ» АҚ ОРТАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Әрбір азаматтың қатысуына мүмкіндігі бар. Бірақ соңғы 5 жылда өз отбасы мүшелерінің атында баспана болмауы басты шарт. Яғни бұл да алғашқы баспананы алу үшін жеңілдікпен берілген несие деп түсіну керек. Оны алғашқы нарықтан және салынып жатқан үйлерден алуға мүмкіндік қарастырылады.
«9-20-25» басталса, баспанаға сұраныс артары анық. Бұл шаршы метр құнын шарықтатып жібермей ме? Келер жылы нарық қалай құбылуы мүмкін? Бұл сауалдарға "Отбасы банкі" төрайымы нақты жауап бермеді.
ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» АҚ ТӨРАЙЫМЫ:
Біздің болжамымыз бойынша алдағы бірнеше айда баспананың арзандауы баяулайды. Сондықтан тек бір кеңес бере аламын. Ол депозит ашу, ақша жинап, салу. Сөйтіп келесі жылы тұрғын үй бағдарламаларына қатыса аласыз.
Шаршы метрдің арзандауы баяулайды дегенге қарағанда, баспана қайта қымбаттауы ғажап емес. Өйткені тұрғын үй нарығының сарапшылар да сондай болжам жасап отыр. Айтуларынша қымбатшылыққа инфляция, құрылыс материалдары бағасының көтерілуі мен жаңа тұрғын үй бағдарламаларының пайда болып, сұраныстың артуы себеп болмақ.
Досжан Маратұлы