«Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбыры іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбыры іске қосылды

13.12.2023

Еліміздің батысында «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырын жаңғырту және кеңейту жобасының бірінші кезеңі аяқталып, іске қосылды. Тозығы жеткен жабдықтарды жаңарту нәтижесінде енді Атырау мен Маңғыстау облыстарында су тапшылығы оң шешімін табады. Салтанатты рәсімге Премьер – министр Әлихан Смайлов телекөпір арқылы арнайы қосылды.

Инфрақұрылымдық жобаны «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ басшылығымен «Магистральды су құбыры» ЖШС жүзеге асырды. Құрылысқа 500-ден астам маман жұмылдырылған. Енді құбыр арқылы өндіріс ошақтары мен ауылшаруашылығына тәулігіне қосымша 60 текше метр су беріледі.

МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Бүгін біз «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырын күрделі жөндеу жұмыстарын бітіріп, 170 шақырым су құбырын ауыстырып іске қостық. Бұл дегеніміз тәулігіне 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге дейін өседі деген сөз су көлемі.

«Астрахань-Маңғышлақ» магистралі маңызды стратегиялық нысан. 1988 жылы пайдалануға берілген. Атырау мен Маңғыстау облыстарында бірнеше ауданды қамтитын орталықтандырылған жалғыз су көзі. Құбыр арқылы тартылған Еділ суын елді-мекеннен өзге өнеркәсіп кешендері де тұтынады.

ХАМИТ ҚАБЫЛОВ, АРДАГЕР ГИДРОЛОГ:

Құлсарыға дейін, Маңғыстауға дейін үлкейту керек. Неге десеңіз су халыққа, өндірістер көбейіп жатыр солардың бәріне әлі жеткіліксіз.

Магистральдың екі учаскесінде тозығы жеткен жабдықтар толық жаңғыртылды. Жаңғыртудың келесі кезеңдері алдағы уақытта жалғасын табады. «ҚазМұнайГаз» компаниясы магистраль құрылысымен қоса, екі ірі жоба Қаражанбас пен Кендірлі кентіндегі су тұщыту зауытының жұмыстарын қолға алған.

Хабарламаларға жазылу