Халықаралық «Бастау» кинофестивалі жалауын көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық «Бастау» кинофестивалі жалауын көтерді

12.12.2023

Бүгін халықаралық «Бастау» кинофестивалі жалауын көтерді. 16 желтоқсанға дейін жалғасатын байқау студенттік және дебюттік фильмдерге арналады. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын фестиваль еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Сондай-ақ, Tanaris Production және A-Team кинокомпаниялары да фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болмақ.

Жыл сайын өтетін бұл іс-шараның басты мақсаты – халықаралық өнер майталмандарымен байланыс орнату. Фестиваль кино саласындағы талантты жастар мен кәсіби мамандарға шығармашылық серпіліс беретін алаңға айналып отыр дейді ұйымдастырушылар.

Сергей Әзімов, халықаралық «Бастау» кинофестивалінің директоры:

Бірінші фестивальдан бастаған жақсы бағдарламалар бар. Тақырыптар бар. Соларды жалғастыру. Соларды дамыту. Негізгі мақсатымыз сол. Жастарға арналған фестиваль. Студенттік киноға арналған фестиваль. 

Осымен 11-ші рет ұйымдастырылып отырған жас киногерлердің фестивалі режиссер Елдар Қапаровтың «Соғыс тұтқыны» тарихи драмасының премьерасымен ашылады. Фильмдегі оқиғаның негізі тұтқында болған жапондық жас жігіт Ахико Тецуроның шынайы тарихы мен тағдыры көрсетіледі.

Болат Қалымбетов, режиссер, әділқазы мүшесі:

Жастардың өзін-өзі тануына. Олар бірімен-бірі бәйгеге түседі ғой. Қандай керемет! Олар өзінің жанындағы әріптесінің кім екенін, өзінің кім екенін, мұнда тек қазақ режиссері емес шетелден келіп жатыр ғой.

Фестивальге қатысу үшін Испания, Франция, Румыния, Польша, Иордания, Үндістан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден 700-ден астам өтінім келіп түскен.

Шыңғыс Ергөбек, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы ректорының міндетін атқарушы:

Бұл ұлттық өнерді ғаламдық деңгейге көтеріп, ғаламға ашатын фестиваль. Және екінші жағынан алғанда ғаламдық өнерді Қазақстанға әкеліп, ұлттық өнерге таныстыратын кинофестивальдардың бірі деп айтуға толық негіз бар. 

Жастарға мол мүмкіндік беретін байқау бес күнге созылады. Осы уақыт аралығында сан-алуан кинотуындыларға кәсіби мамандар баға береді. Жүзден жүйрік шыққандар фестиваль соңында анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталады.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу