Алматыда толассыз жауған қарды жұмысшылар әлі тазалап үлгермей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда толассыз жауған қарды жұмысшылар әлі тазалап үлгермей жатыр

12.12.2023

Алматыда толассыз жауған қарды жұмысшылар әлі тазалап үлгермей жатыр. Көлік қозғалысы қиындап, жол апаты да көбейді. Зардап шегіп, ауруханаға түскендер бар. Алматыдағы ахуалды әріптесім Әйгерім Ердәулет баяндап беруге әзір.

– Әйгерім, қаланы қардан тазалап үлгермей жатуына не себеп? Кеше синоптиктер ескертті, коммуналдық қызмет дайын емес пе?

Армангүл, қазір Алматы көшелерінде көлікпен де, жаяу жүру де өте қиын. Себебі, жолдар қардан тазартылмаған. Жұмысшылар үлгермей жатыр. Әкімдіктің те есебін айта кетейін. Түннен бері 800 текше метр қар шығарылған. Кеше кешкі 8-ден таңғы 6-ға дейін қаланы аршу үшін 50 жедел патрульдік бригада, 325 арнайы техника, 1 мың 154 жұмысшы істеді деп отыр. Алайда, арнайы техника үздіксіз жұмыс істемеген. Себебін бізге былай түсіндірді.

Дулат Ашкенов, Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

Сол басталған жұмыс 5:30-6-ға дейін жалғасты да, одан кейін технологиялық үзіліс болды. Ол технологиялық үзілістің себебі қала трафигіне қосымша жүк түсірмеу мақсатында болды, нағыз час пик дейді ғой, қала тұрғындары жұмысқа бара жатқан кезде технологиялық үзіліс болды.

Яғни, бүгін түске дейін қаладағы ірі көшелерді тазалауға арнайы техника шықпаған. Бірақ, жаяу жүргіншілер жолы мен аядламаның жан-жағын тазалауды тоқтаусыз жалғастырдық-, деп отыр. Дәл осы үзіліс кезінде кептелісте қалған тұрғындар әбден әбігерге түскендерін айтады. Автобустар кешігіп, көше қиылысында көліктер тайып кібіртіктеп қозғалған. Ал такси бағасы бірден көтеріліп кеткен.

Қалың қардың кесірінен Алматыда жол апаты да көбейді. Түннен бері кешкі 5-ке дейінгі мәліметті айтайын, 45 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 8 адам жарақат алған. Ал 25 жүргінші тайып құлап, жарақат алған. Алдағы күндері 27 градусқа дейін аяз болғандықтан, 0-ден 9 сыныпқа дейінгі оқушылары онлайн форматқа көшеді. Ал әкімдік, күшейтілген режимге қар тоқтаған соң ғана кірісеміз деді. Және қала тұрғындарына әсіресе көлік жүргізушілеріне сақ болуды ескертеді.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу