Бірыңғай уақыт белдеуін енгізу қоғам талқысына шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірыңғай уақыт белдеуін енгізу қоғам талқысына шығарылды

11.12.2023

Уақыт белдеуін ауыстыруға қатысты сұрақ қоғам талқысына шығарылды. 22-ші желтоқсанға дейін халық дауыс бере алады. Осыған қатысты Үкімет тиісті қаулы жариялады. Егер қазақстандықтардың басым бөлігі қолдаса, онда 3 айдан кейін Қазақстанның көп бөлігі батыстың уақытына көшіп, бір сағатқа кейінгі шегеріледі.

Ғалымдар мен сарапшылар мәселені жыл бойы қызу талқылап келген еді. Енді соңғы шешім – халықта. Ел пікірін ескеру үшін «Ашық үкімет» порталына Үкімет қаулысы жарияланды. Яғни, 22 желтоқсанға дейін мәселе қоғам талқысында болады.

Егер қазақстандықтар өзгерісті қолдаса, 2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де елдегі 3 мегаполис пен 12 облыста сағат тілі өзгереді. Яғни, Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжытады. Ал батыста, яғни, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Маңғыстау және оңтүстіктегі Қызылорда облысында жергілікті уақыт өзгеріссіз қалады.

Қазақстанда бұрын 3 уақыт белдеуі болған. 2005 жылы оны екі белдеуге ауыстырды. Енді бір ел – бір белдеуге көшпек. Ғалымдар мұның адам денсаулығына пайдасы зор әрі экономикалық тұрғыда тиімділігі басым деп отыр.

Манат Шакенов, астрофизик, физика-математика ғылымдарының кандидаты:

Мысалы Қытай 5 сағаттық белдеуде өмір сүреді. Бірақ та 1 сағаттық белдеу енгізілген. Бұл экономикалық жағынан өте тиімді болғандықтан, олар бір сағаттық белдеуге еніп отыр. Сондықтан біздің Қазақстан да соған қарап, 3 сағаттық белдеуді екіге, одан қазір бірге ауыстырып отырғаны бұл экономикалық жағынан өте тиімді.

Қырғызстанда да уақыт белдеуі өзгеруі мүмкін. Ел Парламентінің депутаттары жергілікті уақытты 1 сағатқа шегеруді ұсынып жатыр. Халықтың басым бөлігі бұл бастаманы қолдап жатқан көрінеді.

Асима Нұрбайқызы, тілші

Сонымен уақыт белдеуін талқылауға 10 күн бар. Үкімет ұсынысына көпшілік қолдау білдірсе, онда келер жылдың 1 науырызынан бастап елдің барлық аумағында бір уақыт енгізіледі. Яғни, Астана уақыты бойынша 3 мегаполис пен 12 облыста сағат тілі 1 сағат артқа жылжиды.


Хабарламаларға жазылу