ЖИ еңбек нарығына қалай әсер етеді?
Жасанды интеллект еңбек нарығын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Алдағы жылдары кей мамандықтарға сұраныс азайып, кей қызмет түрлері толықтай автоматтандырылуы ықтимал. Бірақ мамандардың сөзінше, технология бір жұмыс орнын жойса, оның орнына жаңасы пайда болады. Қазақстанда қай сала мамандары тәуекел аймағында?
Жасанды интеллект енді тек технология емес, еңбек нарығын өзгертетін күшке айналды. Цифрландыру мен жасанды зерденің дамуы елдегі мамандықтарға деген сұранысты өзгертіп, кейбір қызмет түрлерін автоматтандыруға жол ашты. Тиісінше, бірқатар мамандыққа деген қажеттілік азая бастағанын көріп отырмыз.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Есепші, заңгер, хатшы, программист сияқты мамандардың кейбір міндеттерін жасанды интеллект атқара бастады. Яғни азаматтар кейбір мәселелер бойынша өзіне қажет қызметті ЖИ арқылы алып жүр. Осы үрдіске қарап, сала сарапшылары болашақта бұл мамандардың жалақысы азайып, өзара бәсекелестік күшеюі мүмкін деп топшылайды.
Amazon компаниясының бас директоры Энди Джесси жасанды интеллектінің енгізілуіне байланысты компания қызметкерлерін біртіндеп қысқартатынын мәлімдеді. Әлемдегі үрдіс Қазақстанға да әсер етуі мүмкін. Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев алдағы он жылда 400 мыңға жуық жұмысшыны жасанды интеллект алмастыруы мүмкін екенін айтқан еді.
Ербол Тұяқбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамы бойынша, жасанды интеллектінің кең таралуына байланысты алдағы он жылда 300-400 мыңға жуық жұмыс орны қысқаруы мүмкін. Сондықтан қазірдің өзінде қайта даярлау жұмыстары басталды. Жыл басынан бері 186 мың адам жаңа мамандықтарға оқытылды.
Әсіресе кеңсе қызметкерлері тәуекел аймағында тұр. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, кеңсе қызметкерлерінің атқаратын жұмысының 24 пайызы толық автоматтандырылып, тағы 58 пайызы ішінара өзгеріске ұшырайды.
Мамырбек Парахат, Nazarbayev University ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының сарапшысы:
ЖИ-ді қолдану арқылы бұрын мыңдаған адамның жұмысын қазір бір адам істеуі мүмкін. Мен мысал келтіре кетейін. Қытайда ең үлкен порт бар. Ондағы барлық жүйе автоматтандырылған. Әлемдегі ең үлкен порт, бірақ оның басқару орталығында 9 адам істейді. Қалған барлық жұмысты роботтар, ЖИ арқылы басқарады. Сонда 9 адам жүз мыңдаған адамның жұмысын істеп жатыр.
Кейбір сарапшылар жасанды интеллект мамандықты түбегейлі жоймайды, тек оның сипатын өзгертеді дейді. Олар автоматтандыру кейбір тапсырмаларды жеңілдетіп, тіпті жаңа жұмыс орындарын ашатынын алға тартады. Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігінің мәліметінше, қазір осы бағытта азаматтарды оқыту процесі жүріп жатыр.
Алпауыт елдер ЖИ-ді мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде қарастырып, дамудың негізгі өзегіне айналдырып үлгерді. Сондықтан жасанды интеллектіні тек қауіп ретінде қабылдауға болмайды. Бұл – еңбек нарығын өзгертетін жаңа мүмкіндік. Ең бастысы – өзгеріске бейімделіп, технологияны тиімді қолдана білу. Өйткені болашақта ЖИ-мен бәсекелесетін емес, оны өз пайдасына жарата алатын мамандардың бәсі жоғары болмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы