Астана мен Сеул стратегиялық серіктестікке серпін бермек
Қазақстан мен Корея арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосқан бірқатар азамат «Достық» орденімен марапатталды. Құрметке бөленгендердің арасында қазақ тілін Кореяда 20 жылдан бері оқытып жүрген профессор да бар. Мемлекет басшысы Сеулдегі мемлекеттік сапарын жергілікті қоғам және мемлекет қайраткерлерімен кездесуден бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің арақашықтығы алыс болғанымен, мемлекеттерімізді өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастыратынын айтты. Ал сапардың негізгі күн тәртібі экономика, технология, ғылым және инвестиция салаларын қамтиды. Қазақстан мен Корея серіктестігі енді қай бағыттарға дамиды?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Үндістандағы БРИКС саммитінен кейін Мемлекет басшысының Азиядағы сапары Сеулде жалғасты. Президент борты Корея астанасына кеше түнде келіп қонды. Бұл – мемлекеттік сапар. Сондықтан күн тәртібінде саяси кездесулермен қатар нақты экономикалық жобалар да бар. Жұмыс кестесі өте тығыз. Ал сапардың алғашқы күні екі ел арасындағы достықты жылдар бойы жалғап жүрген азаматтарға арналды. Корей қайраткерлерімен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев ресми Сеулді Қазақстанның стратегиялық серіктесі деп атады. Президент екіжақты байланыстың ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекеттеріміз арасында терең саяси диалог орнады. Сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатыр. Біз машина жасау, энергетика, металлургия, озық технология және басқа да салада бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Әлемге танымал корей компаниялары елімізде табысты жұмыс істеуде. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз да күшейді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Іс-шара барысында Корея Ұлттық жиналысының депутаттары, Сеул кибер университетінің ректоры мен көпбейінді клиника басшысы екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Құрметке бөленгендердің арасында Хангук шет тілдері университетінің профессоры Сон Ён Хун да бар. Ол жиырма жылдан бері Кореяда қазақ тілінен дәріс береді. Профессордың айтуынша, қазақ және корей тілдерінің ұқсастығы көп. Сондықтан қазақ тілін меңгеру корей жастарына аса қиындық туғызбайды. Ғалым ұлы дала мәдениеті мен рухын корей жастарына кеңінен танытуды мақсат еткенін айтады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Жалпы, қос ел білім-ғылым саласындағы әріптестікті күшейтіп келеді. Мәселен, Қазақстанда KAIST Kazakhstan институтын құру жоспарланған. Жоба кореялық ғылыми және инженерлік тәжірибеге сүйенеді. Мұнда жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар бойынша мамандар даярланады. Инженерия мен қолданбалы ғылымға да басымдық берілмек. Сонымен қатар Корея елімізде сирек металдарды зерделейтін зертхана ашуға грант бөліп отыр.
Қос елдің сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатыр. Корея Қазақстанның ірі сауда серіктестері арасында оныншы орында. Инвесторлар арасында тоғызыншы орын алады. 2025 жылы екіжақты тауар айналымы 3,17 миллиард долларға жетті. Қазақстанға тартылған корей инвестициясы 1 миллиард доллардан асты. Қазақстанда корей капиталы бар мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Қазір тараптар бірлескен өндіріс, технология трансфері және маман даярлау бағыттарын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл мәселелер ертең Президенттің Корея басшылығымен және бизнес өкілдерімен кездесулерінде талқыланады. Сонымен қатар сәрсенбі күні Сеулде алғашқы «Орталық Азия – Корея» саммиті өтеді. Кездесуде аймақтық экономикалық және технологиялық ынтымақтастық мәселелері қаралмақ.
Автор
Шерхан Жамбылұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Ертең үстел теннисінен ҚР Президентінің кубогы басталады
14.09.2026, 20:28
Елена Рыбакина – Әлемнің бірінші ракеткасы
14.09.2026, 20:28
Атырауда садақ атудан Әлем кубогы өтіп жатыр
14.09.2026, 20:25
«Жоғалған есім»: Жаңа отандық телехикая эфирге шығады
14.09.2026, 20:23
Ақтөбе облысында денсаулық сақтау саласындағы үш жобаға 5,7 млрд теңге бөлінді
14.09.2026, 20:18
Қазақстан экономикасы бәсекеге қабілетті 40 елдің қатарына енді
14.09.2026, 20:10
Медицина бірыңғай цифрлық кеңістікке көшеді
14.09.2026, 20:09
Аяғын эскалатор қысып қалған әйел құтқарылды
14.09.2026, 20:08