«Beu Awards-2023» байқауының жеңімпаздары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Beu Awards-2023» байқауының жеңімпаздары марапатталды

09.12.2023

Байқаудың қорытындысы бойынша Мархаба Сәбидің «Тым бөлек» әні «Үздік ән», Акерке Амаляттың орындауындағы Ерболат Құдайбергеновтың «Мен қазақпын» әні телевизиялық жүлденің «Үздік кавер» аталымын иеленді. Ал, «Үздік орындаушы» номинациясы «Тұмандау» әні үшін әнші Айриге және «Асықпа» туындысының орындаушысы Манарбек Жұматайға берілді.

Ayree, «Үздік орындаушы» аталымының жеңімпазы:

Әрине, біз үшін өте қажет. Себебі, ол мотивация. Және жаңа музыканттармен, жаңа музыкамен, орындаушылармен танысу. Достасу. Себебі. Біздің мақсатымыз бір. Әлемдік деңгейге қазақ музыкасын шарықтату.

 «Ninety One» тобы жүлденің «Үздік топ» аталымы бойынша марапатталды. Мирас Жүгінісовтың орындауындағы «Саяхат» әні «Үздік саундтрек» деп танылып, дауыс берушілер ықыласына ие болды.

Мирас Жүгінісов, «Үздік OST» аталымының жеңімпазы:

Өте қатты қуаныштымын! Негізі аламын деп те ойлаған жоқпын. Номинацияға қатысып жатқан әртістердің өздері өте жақсы, әндері де жақсы. Сондықтан, қуаныштымын! Көп-көп рақмет!

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі Мұрат Құсайыновтың айтуынша, мұндай байқаулардың жастарға берері мол.

Мұрат Құсайынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Мұндай фестивальдар көп болғаны жақсы. Бұл жерде жастар шыңдалады. Үздіктері халықтың көңілінен шықса белгілі болады. Жастарға тілейтінім, өсе берсін! Болашақ жастардікі.

Соңғы жылдары Қазақстандағы заманауи музыка жаңа деңгейге көтеріліп, дарынды жастар кеңінен таныла бастады. Ел мерейін асырып жүрген өнерпаздарға «Қазақтан» телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай сәттілік тілеп, алғысын айтты.

Ләззат Танысбай, «ҚАЗАҚСТАН» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

Осындай керемет музыкасы бар, мәнді, сәнді, осындай керемет әндері бар, осындай қазақтың елі бар деп бүкіл әлемге танытып жүргендеріңіз үшін тағы бір рақмет сіздерге!

Жеңімпаздарды анықтау «Beu» радиосының тыңдармандары арасында әлеуметтік желілерде дауыс беру арқылы жүргізілді. Жүлденің мақсаты – қазақ заманауи музыка өкілдері арасында түрлі жанрлар мен стильді танымал ету.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу