«Арселор Миттал Теміртау» компаниясын қазақстандық инвестор сатып алды. Ол «Allur group» директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі бүгін Үкіметте мәлімдеді. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, кәсіпорын 100 пайыз отандық кәсіпкерге өтті. Келісімге кеше қол қойылған. Оның құны қанша? Жаңа инвесторға қандай міндеттемелер жүктеліп отыр? Лакшми Миттал мен Қазақстан арасында қандай да бір келіспеушілік бар ма?
Досжан Маратұлы, тілші:
«Арселор Миттал Теміртауға» қарасты шахтада апат болған күні-ақ президент үндістандық инвестормен (ОКНА) келісім шартты бұзу қажеттігін айтқан. Содан бері кәсіпорынның келесі қожайыны кім болатыны көпті толғандырғаны анық.
Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрі жаңа инвестордың есімін жариялады. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, қойнауы темірге толы жерлер мен кәсіпорынды алуға көптеген инвестор қызығушылық танытқан. Арасында қытайлықтар да бар. Десе де, қатаң іріктеуден кейін компания отандық инвесторға сатылған. Ол «Allur Group» директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.
Қанат Шарлапаев, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Келісімге кеше қол қойылды. О баста Лакшми Миттал кәсіпорын активтерін 3,5 миллиард долларға бағалаған. Бірақ 11 раундық келіссөз нәтижесінде бағасын 286 миллион долларға түсірдік. Инвестормен келісім шартты бұзу процестерінің созылып кетуі де содан.
Митталдың активтерін сатып алуға бюджет қаржысы жұмсалмаған. 286 миллион долларды Лаврентьевтің өзі берді, - дейді министр. Енді оған басынан дау арылмаған Теміртаудағы кәсіпорын ғана емес, Ақтау құбыр зауыты да өтіп отыр. Өйткені ол да Арселор Миттал компаниясының құрамында. Сондай-ақ, Митталдың 700 миллион доллар көлеміндегі қарызын төлеу міндеттемесі де жаңа инвесторға жүктелді.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Жаңа инвестор келген соң, компанияның атауы да өзгеретіні түсінікті. Меніңше кәсіпорынға тарихи атауын қайтару керек секілді. Ол Қарағанды металл, яғни, Қармет. Мұны жергілікті жұрт та қолдайды деп ойлаймын. Десе де, соңғы шешім инвесторда.
«Арселор Миттал Теміртау» енді «Qarmet» деп аталады. Бұл ұсынысты Лаврентьев те бірден қолдады. Енді Арселор Миттал Теміртау бүгіннен бастап Qarmet деп аталады. Компания өкілі алдағы негізгі басым бағыттар мынау дейді.
Талғат Темірханов, Qarmet компаниясы акционерінің ресми өкілі:
Комбинатта және шахталарда бүгінгі таңда басты екі сұрақ тұр. Ол біріншіден, кен орындарындағы қауіпсіздік деңгейін көтеру. Екіншіден, Теміртау қаласындағы экологиялық жағдайды ретке келтіру.
Яғни, жаңа инвестор өндіріс көлемін арттырып, алдағы 4 жылда қауіпсіздікке, инфрақұрылымды жаңғыртуға 3 миллиард доллар құюды көздеп отыр. Кеншілер мен өзге де жұмысшылар алдындағы міндеттемелер сақталады.
Досжан Маратұлы, тілші:
Ал Лакшми Миттал мен Қазақстан Үкіметі арасында ешқандай келіспеушілік жоқ. Елімізде 20 жылдай кәсібін дөңгелеткен үндістандық миллиардер, соттаспау туралы келісімге қол қойған. Тіпті қайырымдылық жасап, Қазақстан халқына қорына 16 миллиард теңге аударыпты. Бұл қаражат облыс халқының денсаулығын жақсартуға жұмсалмақ.