Ыстамбұлда Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдад Әміреев Түркияда оқып жатқан белсенді қазақ жастарымен кездесті. Бас консулдықтың ұйытқы болуымен өткен шарада жастар белгілі дипломатқа Түркі елдерінің ынтымағы, әлемдегі геосаяси ахуал, дипломатиялық қызмет туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Өз кезегінде Түркі инвестициялық қорының Президенті білім алудың артықшылықтары және тұлға болып қалыптасудың мән-маңызы туралы пайымдарымен бөлісті. Ыстамбұлдағы Бас консулдық Түркияда оқитын қазақ жастарын ынталандыру әрі білімге құштарлықтарын арттыру мақсатында белгілі тұлғалармен осындай кездесулерді дәстүрлі түрде өткізіп отырады.
Бағдад Әміреев, Түркі инвестициялық қорының президенті:
Сонша жерден елден шығып бауырлас түрік еліне келіп сабақ алып жатқан жігіттердің әрине өмірге деген құлшыныстары бар екені, ой өрісінің кең екенінің көрінісі деп білем. Әрине біздің тәжірибеміз, ойларымыз, ақыл кеңесіміз студенттерге пайдасы тиеді деген үміттемін.
Дидар Оқас, Түркияда оқитын студент:
Ағалардың ісін інілері біліп жүргені дұрыс деп ойлаймын. Себебі алдыңғы арба қалай жүрсе соңғы арба солай бұрылады ғой. Бізге жастарға бағыт-бағдар беруші ағаларымыз ғой. Бізге бағыт-бағдар беріп жүрсе Қазақстан одан әрі дамиды деп ойлаймын.
Айдос Әшімұлы