Шымкентте инсультті анықтауға ЖИ көмектесе бастады
Шымкентте инсультті анықтауға жасанды интеллект көмектесе бастады. CEREBRA жүйесі компьютерлік томография кескіндерін санаулы сәтте талдайды. Бұл дәрігерлерге дертің алғашқы белгілерін ерте анықтап, емді уақыт оздырмай бастауға мүмкіндік береді. Жаңа бағдарламаның тиімділігі жайлы аймақтағы әріптесім баяндайды.
59 жастағы Көбей Алданов қан қысымы көтеріліп, аяқ-қолы ұйыған соң жедел ауруханаға
жеткізілген. Компьютерлік
томографиядан кейін оған ишемиялық инсульт диагнозы қойылды. Дәрігерлердің дер кезінде емді бастағанның арқасында қазір науқастың
жағдайы жақсарған. Бірер күнде үйіне шығатынын айтады.
Көбей Алданов, қала тұрғыны:
Қан қысымым көтеріліп келдім. Инсульт деп диагноз қойды. Ем-дом алып жатырмыз. Анализ күтіп жатырмын. Кейін оңалтуға шығарады. Еш жерім ауырмайды қазір, жақсы болып қалдым.
Науқасқа жасалған компьютерлік томографияны енді дәрігерлермен қатар, CEREBRA жасанды интеллект жүйесі де талдайды. Бағдарлама мидағы өзгерістерді автоматты түрде анықтап, инсульт белгілерін қысқа уақытта бағалауға көмектеседі.
Қанат Бекетаев, КТ дәрігері:
Орталық ми артериясын церебра бағдарламасы қызыл зонамен белгілеп ишемиялық зонаны ерте анықтауға септігін тигізеді. Бұған дейін өзіміз анықтайтынбыз, ол кішкене ұзағырақ болатын.
Мамандардың айтуынша, инсульт кезінде әр минут шешуші рөл атқарады. Сондықтан дер кезінде қойылған диагноз емді кешіктірмей бастауға және ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Қалалық №1 клиникалық ауруханаға тәулігіне шамамен 300 науқас жеткізілсе, соның кемінде бірінен инсульт анықталады.
Бақытжан Позилов, қалалық №1 клиникалық аурухананың бас дәрігері:
ЖИ енді басталып жатқан инсультты клетка дәрежесінде бізге айтып береді. Науқаста инсульт басталып жатыр немесе басталады деп. Дәрігер ары қарай шешім қабылдайды. Алайда соңғы шешімді операция жасау керек пе, керек емес пе, емнің тактикасын дәрігер қабылдайды.
Мамандардың айтуынша, шаһар медицинасында жасанды интеллекттің қолданылу аясы алдағы уақытта кеңейе түседі. Келесі кезеңде мұндай технологияны ультрадыбыстық зерттеулерге енгізу жоспарланып отыр. Бұл дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етпек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы