Елорданың басты су нысандары жаңартылып жатыр
Елорданың су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін екі стратегиялық нысан – Астана су қоймасы мен Есіл өзенінің тасқын судан қорғау бөгеті қайта жаңғыртылып жатыр. Жоба қаланы ауыз сумен тұрақты қамтуға, өзен ағынын тиімді реттеуге және көктемгі су тасқыны кезіндегі қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.
Жалпы сыйымдылығы 410,9 млн текше метрлік Астана су қоймасы 1970 жылы пайдалануға берілген. Жарты ғасырдан астам уақытта алғаш рет мұнда жекелеген учаскелер ғана емес, бүкіл гидроторап кешенді түрде жаңармақ. Жоба аясында бөгет, тасқын су өткізгіші, бөгет жотасымен өтетін ұзындығы шамамен 1 шақырым болатын автомобиль жолы мен көпір қайта жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, негізгі жабдықтың барлығы ауыстырылып, бөгеттің іргетасы күшейтіледі және оның техникалық жай-күйін үздіксіз бақылауға арналған заманауи бақылау-өлшеу аспаптары орнатылмақ.
Арсен Жақанбаев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы комитетінің төрағасы:
Негізгі дамбасы күшейтілетін болады және ішкі еңісі. Яғни суға жақын болғандықтан ең қиын жұмыстар сол болады. Қазіргі заманға, талапқа сай автоматтандырылыған жүйе, монторинг жүрізетін жүйе орнатылады. Судың құрамын бұзбай жұмыс істеу уақыт талап етуі мүмкін. Судың астында кейбір жерлерде инерциялық жұмыстар жасалынатын болады.
Климаттың өзгеруі мен су тасқынының жиілеуінен елімізде гидротехникалық инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңарып жатыр. Солардың бірі - Астана қаласының қорғаныс бөгетін реконструкциялау. Бұл нысан елорданың су тасқынынан қорғайтын заманауи жүйенің негізіне айналады.
Нұрбек Серіков, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:
Астыңғы БИЕВ-тен дренаж жүйесі құрылды. Ол жұмыс істеп тұр. Қыркүйек-қазан айларында су жағынан панур, яғни қарсы филтрлік қабат жүргізеледі. Және дамбаның үстіндегі жол тегістеліп ұзартылады. Басқа жүргізілетін жұмыстардың бірі дамбаның 4,2 км ұзартылуы.
Қазір 23,1 шақырым болатын апаттық су бұру каналының құрылысы да жүргізіліп жатыр. Оның міндеті – көктемгі тасқын кезінде артық суды қауіпсіз түрде Нұра өзенінің бассейніне бағыттап, Есіл өзеніне түсетін жүктемені азайту. Бұл өз кезегінде Астананы, әсіресе қаланың сол жағалауын су басу қаупінен қорғауға мүмкіндік береді.
Александр Попов, жоба жетекшісі:
Бұл канал төтенше жағдайға арналған. Егер су қоймасындағы су көлемі белгіленген деңгейден асып кетсе, артық су автоматты түрде осы канал арқылы Нұра өзеніне жіберіледі. Яғни су Астана қаласын айналып өтеді. Осылайша жоба елорданы ықтимал су тасқынынан қорғауға мүмкіндік береді. Апаттық су бұру каналының ұзындығы - 23 шақырым. Жалпы 11 миллион текше метр жер қазылмақ. Бүгінде оның 5 миллион текше метрін аяқтадық.
Жоба толықтай республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Мамандар жаңарту жұмысының нәтижесінде Астана мен Ақмола облысының су қауіпсіздігі артып, гидротехникалық құрылыстардың пайдалану мерзімі ұзаратынын айтады. Сонымен қатар, су ресурстарын басқару тиімділігі едәуір жақсарып, елорданы сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге қосымша мүмкіндік жасалады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы