Басты Жаңалықтар БҚО-да көкөніс қоймаларының құрылысы қарқын алды

БҚО-да көкөніс қоймаларының құрылысы қарқын алды

Батыс Қазақстан облысының тұрғындары қыс-көктемде 65 мың тонна картоп пен көкөніс тұтынады. Бау-бақша өнімі өңірдегі 37 қоймада сақталады. Бұрын қойма жетпей, кәсіпкерлер қиналатын. Қазір қамтылу деңгейі 100 пайызға жетті. Жаңасы да салынып жатыр. Аймаққа барған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров заманауи көкөніс қоймасының құрылысымен танысып, диқандармен кездесті.

Он жыл бұрын базардағы сауда нүктесінен басталған отбасылық кәсіп қазір кеңейіп, қанат жайған. Тараздан көшіп келген Мұсаевтар әулеті бау-бақша дақылын егу, қоймада сақтау және сатумен айналысады. Тұрақтандыру қорымен келісімшарт жасап, маусымаралық кезеңде 1 мың тоннадан картоп пен пияз, 500 тонна сәбіз, 300 тонна орамжапырақ өткізген.

Аяжан Мұсаева, «Орал-агро» жеке кәсіпкерлігінің қызметкері:

Тараз қаласында 120 гектар жеріміз бар. Сонда пияз, картоп, әртүрлі көкөністер егіп, осы жаққа алып келеміз. Өзіміздің жүк көліктеріміз бар. Соның арқасында жеткізу арзан және осы жақтағы адамдарға тиімді бағада сатамыз.

Алайда 4 мың шаршы метрлік қойма мол өнімді сақтауға аздық етіп, кәсіпкер сыйымдылығы 14 мың тонна болатын жаңа қойма салып жатыр. Мұнда желдеткіш, тоңазытқыш жүйесі голланд технологиясымен жұмыс істейді. Кәсіпкер СҚО тәжірибесімен несиелеу бағдарламасы аясында 2,8 млрд теңге қаражат алған. Министр құрылыс барысымен танысып, өзге де шаруашылық нысандарын аралап, диқандармен кездесті.

Айдарбек Сапаров ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Батыс Қазақстан облысы былтырғы Жол картасы бойынша 1-орынға шықты. Индикаторларды орындап жатыр. Тыңайтқыш, тұқым саласы, техника болсын, барлық жұмысты жақсы, сапалы деңгейде орындап жатыр. Мен жаңа қойма басында болдым. Тараздан келген азамат осында келіп, жұмысын жасап жатыр екен. Өте қолайлы.

Құрылыс қыркүйекте аяқталады. Осы және тағы бір жаңа нысан тапсырылған кезде, өңірдегі көкөніс қоймаларының сыйымдылығы 80 мың тоннаға жетпек.


Бөлісу