Осы аптада Салтанат Нүкенованың өлімін жасырды деген күдікпен Астанадағы «гастро-орталық» директоры 2 айға қамауға алынды. Құқық қорғау органдары тергеуді жалғастырып жатыр. Әзірге «Бишімбаев ісі» бойынша басқа бір ақпарат жоқ.
Бірақ бұл кейс әйелдерді қорғау тақырыбының екінші апта күн тәртібінен түспей, белсенді адамдардың, әсіресе ер-азаматтардың үндеу жасап, он мыңдаған адамның петицияға қол жинауына алып келді. «Әсіресе ер-азаматтардың» деп баса мән беріп отырғаным, гендерлік мәселелер көбіне-көп әйелдердің өзара әңгімесі ретінде ғана қалатын. Тағы бір деталь: қоғамда орныққан кейбір түсініктің қате екенін көрсетті. Әдетте тұрмыстық зорлық-зомбылықты әлеуметтік жағдайы жақсы емес, білім деңгейі төмен отбасы мүшелері жасайды деп ойлаймыз. Алайда осы оқиғадан соң,басқа да факторлар әсер ететінін ұғына бастағандаймыз.
Әрі тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту мәселесі тағы көтерілді. Бұл жолы бұрынғыдан өзгеше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайларының жолын кесуді»,-тапсырса, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева: «Құқық бұзушыларды жазалап қана қоймай, қылмыстардың қайталануын болдырмайтын жүйе құру керек»,-деді.
Ол қалай іске асатыны белгісіз. Негізі, биыл 1 шілдеде жауапкершілік күшейтілген. Енді шағым түспесе де, полиция іс қозғай алады. Әйелге қол көтеретіндер үстінен анонимді арыз жазуға болады. Хаттама толтыру үшін көршілердің айғағы жеткілікті. Тараптарды татуластыру мүмкіндігі жойылған. Одан бөлек, зорлық-зомбылық жасағандар үйінен күшпен шығарылуы мүмкін. Бірақ бұл аз, жазаны тағы күшейту керек,-дейді заңгерлер.
Айман Омарова, Заңгер:
Тұрмыстық зорлық-зомбылық негізінде әкімшілік кодексқа енгізілген, біз онымен келіспейміз. Қылмыстық кодекске кіргізіп, оны қылмыс ретінде қабылдау керек. Бұл жерде 15 тәулік, 20 тәулік, айыппұл деген болмауы керек, нақты қамау керек деп санаймыз.
Мысалы, Хорватияда жақында заң қабылданған. Енді оларда отбасы мүшесін өлтіру жеке бап ретінде қарастырылады. Яғни, бұл бір жолғы сәтсіз жағдай емес, ұзақ жылғы қорлықтың салдары деп есептеледі. Прокурор мен сот осыны ескеруі тиіс. Қазақстандық қоғам белсенділері осындай шара қабылдауды бұрыннан айтып жүр. Олар бастаған онлайн петицияға қазір 150 мың адам қол қойған. Ал жаңа біз айтқан 1-шілдедегі өзгерістен кейін жауапқа тартылғандар бұрынғыдан артқан. Мысалы, осы жылдың екінші тоқсанында 7 мың болса, үшінші тоқсанда 27 мың. Яғни, 4 айда 4 есе өскен.
Бірақ бұл зорлық-зомбылық азайды деген сөз емес. Тек ашыла бастады. Сонда жазаны қатайту арқылы оның алдын алу мүмкін бе? Мысалы, Қырғызстанда отбасында зорлық-зомбылық жасағандар 5 жылға сотталады. Коррекциялық орталықтан өтуге де міндетті.
Ержан Қайыпов, Заңгер /Қырғызстан/:
Мизамда жазалау бар болсадағы статистика өсуде. Жазаны қатал қылу дәйім жақсы нәтиже бере бермейді, себебі, қылмыстық жаза кодексін ашып көрмеген адамдар көп те. Сондықтан, жазаны қатал қылудан бұрын ағарту істерін жүргізу керек. Қоғам қылмыс жасауға жазадан қорқып емес, өзінің абүйірі мүмкіншілік бермеген үшін бармау керек.
Демек, агрессорды темір тордың ар жағына жіберумен мәселе шешу қиын. Сонда қайтпек керек? Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың түпкі себебі не? «Гендерлік теңдікке» қоғам көзқарасы қалай? Қандай стереотиптер бар? Аманкелді Сейтхан кейбір детальдарға үңіліп, мәселеге түрлі ракурстан қарап көрді
1 шілдеде жауапкершілік күшейді:
-шағым түспесе де іс қозғау;
-анонимді арыз жазу;
-көршілердің айғағы;
-татуласу жоқ;
-үйінен күшпен шығару.
Жауапқа тартылғандар:
II тоқсан - 7 мың
III тоқсан - 27 мың
4 ай - 4 есе
Ермек Адаева, Филология ғылымдарының кандидаты:
«Әдебиеттегі әйел бейнесі қоғамдағы стереотиптік көзқарастан туған және әйел образы ер адам көзқарасына сүйеніп жасалған, патриархал қоғам шарттарына сәйкес сипатталған».
Майра Жолшаева:
«Мемлекеттік деңгейде көтеріліп жүрген гендерлік мәселе қазақ прозасында өз жалғасын таппай келеді».
«Ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда»
Аманкелді Сейтхан, тілші:
«Шаңыраққа ие болып қалатын,Ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда...»Мұндай ән ер баланың жауапкершілігін көбейту ме әлде оған басымдық беру ме? Оны өзіңіз саралайсыз. Ал біз «гендерлік теңдіктің» түрлі саладағы көрінісін зерттеп көрдік.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Жаһандық гендерлік алшақтық рейтингінде» Қазақстан қазір 62 орында. 2006 жылы 32-ші болған. 17 жылда 30 саты төмендеген. Бұл рейтингте ең ескерілетіні - әйелді құрметтеу. Ал соңғы кезде Қазақстанда әйелге қол көтеру көбейді. Неге?
Бақтыгүл Бозгорпоева, «Қырғыз Отбасын Жоспарлау Альянсы» ҚҚ директор /Қырғызстан/:
Неге еркектер осындай қадамға барады? Біріншіден, олардың дені жанұясын қамти алмайды, еңбекақы төмен, жұмыс жоқ. Көбісі, білім алмаған. Отбасын дайындықсыз құрады. Баланы қалай бағуды жоспарламайды.
Әйелге қол көтергендердің қаншасы жоғары білімді? Ондай статистика жоқ. Бірақ өткен аптада қамауға алынған Қуандық Бишімбаев АҚШ-та оқыған, жоғары қызметте болған. Сонда негізгі себеп әлеуметтік жағдай ма?
Натко Гереш, UNFPA халықаралық сарапшысы /Хорватия/:
Мысалы, ер баланы туғаннан түрлі таптаурынмен өсіреді. «Ерлер мықты, денесі ірі, төбелеседі, ұра алады» деген пікірді санасына құяды. Күшті болған жақсы, бірақ, оның зияны да көп. Содан барып ер адам әйелді билеп, басқаруы керек, ол үшін күш көрсетуге болады деген ой қалыптасады.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық себебін «діннен» көретіндер де бар. Өйткені, исламда әйелді ұруға болады деген уағыз әлеуметтік желілерде жиі кездеседі. Бірақ имамдар бұл шариғат үкімін қате түсіну,-дейді.
Нұрлан Байжігітұлы, Ырыскелді Қажы атындағы мешіттің бас имамы:
«Ниса» сүресінде келетін әйелдерді бірінші ескертіңдер, одан соң қатты айтыңдар, тыңдамаса ұрыңдар деген мағынада келетін аят бар. Бұл жерде ұрыңдар деген тоқпақтап ұру емес, тәрбиелік дәрежеде бір нәрседен шектеу, түсіндірудің өзі әйелге ұру дәрежесінде болуы ықтимал. Бірақ әйелді ұрып тәрбиелемейтінін бүгінгі ер адамдар түсіну керек.
Амангелді Сейтхан, тілші:
Негізі, әйелді шектеу, оған бірдеңені күштеп түсіндіру де қысым емес пе? Мүмкін, дұрысы түсінісу, ортақ құндылықтарды анықтау шығар.
Мақсұтбек Айтмағанбет, «Әкелер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Құндылықтардың бір-бірімен теңдік таппауы бар әрине. Мысалы, Өзбекстанда махала деген система әлі жұмыс істеп жатыр. Олар қалаға көшсе де олар махаласын, идеологогиясын, махалаладағы әке тәрбиесіне қайтып келді. Біз оны неге жоғалтып алдық?
Қазақстан құндылығын жоғалтты ма әлде түсініктер ескірді ме? Жалпы, қазір «жақсы жігіт»,«әке»образы қандай болуы керек?
Шыңғыс Мұқан, «Мазмұндама» қоғамдық қорының төрағасы:
Әкелердің орны дегенде әке төрде отырып, бәріне ақыл айтып отыратын ескіліктің сарынындағы сондай әкенің образы емес. Әкенің орны дегенде біз кейде тіпті қатты суреттеп жібереміз де. Әйелдің орны қандай болса, әкенің орны да сондай.
Амангелді Сейтхан, тілші:
Яғни, қыз бен жігіт тең. Енді осы теңдік қалай сақталып отыр? Мысалы, БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры 2021 жылы Қазақстандық ерлердің үй шаруасына және бала тәрбиесіне атсалысуын зерттеген. Нәтиже мынадай:
Ронни Линдстром, БҰҰ халықтың қоныстану қорының қазақстандағы өкілі:
Біздің деректеріміз бойынша, қазақстандық ерлердің 68 пайызы бала тәрибелеу әйелдің міндеті деп санайды.
Шыңғыс Мұқан, «Мазмұндама» қоғамдық қорының төрағасы:
Қазақстанда 4 еркектің бірі ғана отбасындағы балалар тәрбиесіне араласатын. Демек, қазақ халқы бала тәрбиесіне келген кезде әсіресе отбасылардағы жұмыс жартылай деген сөз.
Амангелді Сейтхан, тілші:
БҰҰ-нан тағы бір дерек. Орталық Азияда әйелдер күніне үй шаруасына 5 сағат, ерлер 2 сағат жұмсайды. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандық әйел отбасына қызмет көрсетуге ерінен 3 есе көп уақыт бөледі. Сондықтан, өзінің жұмыс істеуіне, театрға, концертке баруына уақыты жетпейді.
Нұрлан Байжігітұлы, Ырыскелді Қажы атындағы мешіттің бас имамы:
Әйелді алып шығып қыдырту, бірге жүру деген болмай жатыр. Әйелді үйге бір 4 қабырғаның ішіне қамам қойып, не дамытпай, не ары қарай жетілдірмей баламен ғана айналысу керексің деген дұрыс емес.
Ал бізде керісінше, осыған бала кезден тәрбиелейді,- дейді мамандар. Мысалы, мектеп оқулықтарында.
Тынчтыкбек Бакытов, UNFPA Сарапшысы /Қырғызстан/:
Математика есептерінің өзінде қыздар үй жинап, кір жуып, картоп тазалап, су тасып жүреді. Ал ер балалар көшеде қыдырып немесе диванның үстінде теледидар көріп отырады. Осының өзі қыз үй жұмысын істеуі керек деген пікір қалыптастырады. Сондықтан оқулықтарға гендерлік зерттеу керек.
Амангелді Сейтхан, тілші:
ХХ ғасырдың басындағы ағылшын әдебиетін зерттеген Даниель Шульц пен Степан Бахник шығармаларда ерлер «дана, адал, қабілетті, ізденімпаз» ретінде суреттелсе, әйелдерге қатысты «сүйкімді, ақымақ, дөрекі» деген сөз көп қолданылғанын анықтаған.
Ермек Адаева:
«Әдебиеттегі әйел бейнесі қоғамдағы стереотиптік көзқарастан туған және әйел образы ер адам көзқарасына сүйеніп жасалған, патриархал қоғам шарттарына сәйкес сипатталған» деп қорытады. Жастар прозасын шолып шыққан Майра Жолшаева мен Жолдасбек Мәмбетов «Мемлекеттік деңгейде көтеріліп жүрген гендерлік мәселе қазақ прозасында өз жалғасын таппай келеді»,-деп пікір білдірген.
Амангелді Сейтхан, тілші:
Көркем әдебиеттен бөлек, күнде көретін жарнамада да стереотиптер бар. Мысалы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Айдана Тілеулесова телеарнадағы 90 жарнаманы зерттеп, көбінде ер адам «табысты, кәсіпкер, басшы» ретінде көрсетілсе, әйелдер «сырт келбетіне ғана мән беретін, бояу мен әшекейге әуес, үй шаруасын істейтін пассив етіп көрсетілген» деп қорытады.
Мұндай мысалдарды фильмдерден, телесериал, мультфильмдерден де табуға болар. Бірақ оның бәрін бір сюжетке сыйғызу қиын. Ал біз айтқан БҰҰ-ның сауалнамасына қатысқан ерлердің 25 пайызы әйел адам мен ер тең құқылы деген пікірмен келіспеген.
Асилжон Муминов, «Ферғана азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» директорының орынбасары /Өзбекстан/:
Қоғамда гендерлік теңдік тек әйелдерге қажет деген қасаң пікір бар. Көптеген азаматтар гендерлік теңдік дегеннің не екенін білмейді де.
Тынчтыкбек Бакытов, UNFPA Сарапшысы /Қырғызстан/:
Қазір қыздар құқығын біледі. Бірақ айналасы өзгермеген. Үйіне барса күйеуі, ағасы, інісі, атасы, әкесі ескі көзқараспен жүруі мүмкін. Қыздар осы кезде қиналады. Ішінен тынады. Содан қырсығу, ашулану басталады. Біздің мақсатымыз - әйелдің құқығын ерлерге түсіндіру.
Яғни, әйел құқығын қорғаумен ерлер де айналысуы керек. Олай дейтініміз, «Гендерлік теңдік» тақырыбы Қазақстанда көп зерттелмеген.
Амангелді Сейтхан, тілші:
Мысалы, былтыр «Гендер және Қазақстан қоғамы» деген мынадай кітап шыққан. Мұндағы дерекке сенсек, әлемдік ғылыми журналдар базасында бұл тақырыпта 300 мыңдай еңбек жарияланса, соның 81-інде ғана Қазақстандағы мәселе көтерілген. Тағы бір қызық деталь, осы кітаптағы 17 мақаланың 14-нің авторы әйел. Тек біреуін ер адам жазса, екеуін ер адам мен әйел бірігіп зерттеген. Ал сарапшылар гендерлік стероетиптер әйелге ғана емес ерлергеде зиян,-дейді.
Натко Гереш, UNFPA халықаралық сарапшысы /Хорватия/:
Мысалы, ер адам эмоциясын көрсетпеуі керек деген түсінік бар. Ал еркек «мен басқарушымын, бәрі менің мойнымда» дей берсе, жауапкершілікті бөлісе алмайды. Адаммен сөйлесуден қалады. Ол оның иммундік жүйесіне әсер етеді. Негізі, еркек те жұмсақтық танытуы керек. Ол да жеңіледі, оған қалыпты қарау керек.
Амангелді Сейтхан, тілші:
2012 жылы Римдік география мұғалімі Мария Пиа Эрколини қаладағы 16500 көшенің 45 пайызына ерлердің, 3,5 пайызына әйелдердің аты берілгенін анықтап, «дискриминация» деп мәселе көтерілген. Кейін бастама бүкіл Еуропаға жалғасып, Мадрид, Париж, Лондонда көше атауында «гендерлік теңдік»басталған. Ал Қазақстандағы жағдайды зерттеген филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ағабекова Астанадағы мыңға жуық көшенің 33-і ғана әйел есімімен аталады. Яғни, қоғам патриархал нормадан әлі ажырамаған деп жазады. Оның мысалы көше атынан емес, көлік жүргізу мәдениетінен көрінеді,-дейтіндер де бар.
Арсен Шакуов, Жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының президенті:
Мысалы, жолда жүргізуші, жаяулар жолы және бағдаршам бар. Бітті. Рөлде әйел келе жатыр деген түсінік болмауы керек. Ал бізде қалай? Әйел жүргізушіні көрсе оларды қысады, сигнал басады. Көлікті тек еркектер жүргізу керек деген пікір бар. Осының өзі қоғамның гендерлік теңдікке көзқарасын көрсетеді.
Амангелді Сейтхан, тілші:
Негізі, «Гендерлік теңдік» ат қоюдан басталуы тиіс дейтін сарапшылар да бар. Батыс зерттеушілері ұлға «жыртқыш, күшті» аңдардың, қызға «әлсіз, кішкентай, нәзік» гүлдердің атын қою «гендерлік теңдікке» сай емес деп есептейді де. Ал бізде «Ұлжалғас, Ұлболсын, Ұлтуған» деген қыздар бар. «Ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда»деген әндер бар.
Амангелді Сейтхан