Ерлан Қарин ЮНЕСКО-ның бас конференциясында сөз сөйледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерлан Қарин ЮНЕСКО-ның бас конференциясында сөз сөйледі

09.11.2023

Парижде ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 42-сессиясы ашылды. Мемлекеттік кеңесші ЮНЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Республикасы ұлттық комиссиясының төрағасы Ерлан Қарин жалпы саяси дебаттарда сөз сөйледі.

Ерлан Қарин Қазақстанның ЮНЕСКО-мен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға зор мән беретінін атап өтті. Бұл ынтымақтастық білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды көздейтін әлеуметтік-гуманитарлық реформаларды табысты жүзеге асыруға жол ашады. Ерлан Қарин бейбітшілікті нығайтуға, тұрақты дамуға және мәдениетаралық диалогты дамытуға ықпал ететін Ұйымның мінберінен сөз сөйлеп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының сессиясында киелі кітаптарды, соның ішінде Құранды вандализмнен заң тұрғысынан қорғау қажеттігі туралы мәлімдеме жасағанын еске салды. Бас конференция аясында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азулемен кездесті. Тараптар мәдени және табиғи мұраны сақтау, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның ықпалдастығына қатысты мәселелерді талқылады. Өз кезегінде Одрэ Азуле Қазақстанға биылғы маусым айында жасаған сапарын ерекше ілтипатпен еске алып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүргізіліп жатқан жүйелі реформаларға, соның ішінде білім, ғылым және мәдениет саласын дамытуға бағытталған іс-шараларға жоғары баға берді.

Азамат Нұғыманов


Хабарламаларға жазылу