Албанияда шерушілер министрліктер мен парламентке шабуыл жасады
Албанияда шерушілер мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасады. Наразылық акциясының басталуына АҚШ президентінің күйеу баласының осы елде курорт салу жоспары себеп. Демонстранттардың сөзінше, бұл жоба – экологияға зиян. Алайда, қарсыластарының уәжімен келіспеген премьер-министр Эди Рама отставкаға кетуден бас тартып отыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Албания астанасы Тиранада демонстранттар мен полицейлер қақтығысы бейсенбіде де жалғасты. «Фран пресс» агенттігінің хабарлауынша, шерушілер бірнеше әкімшілік ғимаратқа басып кіріп, олардың кемінде біреуін өртеп жіберген. Сонымен қатар, білім министрлігі мен парламент үйіне де шабуыл жасалды. Тәртіп сақшылары жастарды тарату үшін көзді жасаурататын газ қаруын қолданса, манифестанттар тас атып қарсылық көрсетті.
Мигерта Демалиа, шеруші:
Біз Эди Раманың кеткенін қалаймыз, өтінеміз. Әбден шаршадық. Бізге енді оның қажеті жоқ. Тек кетуін ғана сұраймыз. Мақсатымыз – осы ғана.
Эди Рама – Албания премьер-министрі. Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен байланысты компанияға Адритат теңізінің жағалауындағы қорықта яхталық порттар, виллалар, отельдер салуға рұқсат берген. Шерушілердің сөзінше, бұл жоба – экологияға зиян. Мұнымен келіспеген Рама орнынан кетуден бас тартып, саяси дағдарыс үшін оппозицияны айыптап отыр.
Эди Рама, Албания премьер-министрі:
Мұның ар жағында басқа күштер тұр. Олар көтеріліп келе жатқан Албанияны кері тартқысы келеді. Қиын уақытқа тап болдық. Бірақ одан да өтіп, Еуропа одағына сапарымызды әрі қарай жалғастырамыз.
Кейінгі күндері студенттер білім сапасының төмендігіне, оқу ақысының қымбаттағанына және жемқорлыққа қарсы да ұрандар көтерді. Рама бұл мәселелерді талқылауға дайын екенін білдіргенімен, әкімшілік мекемелерге шабуыл жасау, мемлекеттік мүлікті жою, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіру тәрізді әрекеттерге төзуге болмайтынын ескертті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы