Әдем жаңалықтары: Израиль мен Палестина қақтығысы қашан тоқтайды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әдем жаңалықтары: Израиль мен Палестина қақтығысы қашан тоқтайды?

05.11.2023

Түркі мемлекеттер ұйымының саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек жіберетінін хабарлады. Соғыс алаңына айналған Газа аймағына мұндай көмек керек-ақ.

Ал осындай кризисті тудырған Израиль-Хамас қақтығысының бітімге келер түрі бар ма? Әлемде басқа қандай жаңалық бар? Сарапшы Нұрбек Матжаниден сұрайық.

Таяу Шығыстағы соғысқа бір айдың көлемі болып қалды. Әлемнің ірі державаларының дипломатиялық талпыныстары әзірге нәтижесін берген жоқ. Оның үстіне Израиль мен Хамас арасындағы соғыс аймақтық қақтығысқа ұласып кету қаупі сейілмей отыр.

Жұма күні АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Тель-Авивке келді. Ол Газа аумағында әскери операцияны бастап кеткен Израильді бітімге келуге және гуманитарлық көмекке кедергі келтірмеуге үндеді. Өз кезегінде АҚШ Израильге 14 жарым миллиард доллар көлемінде қаржылай қолдау көрсетпек.

Израиль билігі Хамас толығымен жойылмайынша және кепілге алынған барлық азамат азат етілмейінше, әскери операция тоқтамайтынын ашық айтты. Дегенмен, израильдіктердің көпшілігі әскердің Газаға құрлықтағы шабуылына қарсы шығып, мұндай әдіске келіспейтінін жеткізіп жатыр.

Тель-Авивтің Газадағы әскери шабуылын сынға алған бірқатар ел – Израильдегі елшілерін қайтарып, дипломатиялық қатынасты үзетінін мәлімдеді. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гутерриештің “50 жылдан астам әділетсіздік көріп келген Палестина халқы” туралы сөзі Тель-Авивтің наразылығын тудырып, Израильдің БҰҰ-дағы Елшісі Гутерриештің отставкаға кетуін талап етті.

Ресми мәліметтерге сәйкес, соғыс басталғалы бері Газада 9 мыңнан астам палестиналық мерт болып, 32 мың адам ауыр жарақат алған. Соғыс аймағында қаза болған журналистер мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлерінің саны артып жатыр. БҰҰ Газада гуманитарлық миссия атқарып жүрген 70-тен астам қызметкерінің қаза болғанын мәлімдеді.

Әскери шабуыл басталғалы Газадан 1 миллион 400 мың адам оңтүстікке көшуге мәжбүр болды. Қазір 600 мыңға жуық Газа тұрғыны БҰҰ-ның босқындарға арналған шатырларын паналап жүр. Осы аймаққа қажетті ауыз судың тек 5 проценті ғана қамтылған. Соның салдарынан шетінеген балалар саны артуда деп, БҰҰ дабыл қағып жатыр.

Бейсенбі күні Израиль әскері Газа қаласын қоршауға алды. Көп ұзамай Израиль қорғаныс министрлігі Хамастың әскери жетекшісі қаза болғанын хабарлады. Хамас тарабы бұл ақпаратты әзірге растамады.

Осы аптада Газадағы шетел азаматтарына және шұғыл медициналық көмек қажет палестиналықтарға Рафа бақылау-өткізу пункты арқылы Мысырға шығуға мүмкіндік туды. Шекара қызметінің деректеріне сәйкес, екі күн ішінде шекара асқандардың саны 700-ден асқан.

Непалда ірі жер сілкінісі болды.

Гималай тауының бөктеріндегі Непал мемлекеті сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Сондықтан да бұл өңірде жер сілкінісі әлсін-әлсін болып тұрады. Бірақ осы жұмадағы табиғи апат соңғы 8 жылдағы ең ірісі десек те болады. 2015 жылы бірінен соң бірі болған дүмпуден соң шамамен 9 000 адам қаза тапқан еді.

Ресми мекемелердің дерегі бойынша, қазірдің өзінде 128 адам қаза тауып, жүздеген адам жарақаттанған. Бірақ бұл көрсеткіш әлі де өзгеруі мүмкін. Ал мыңдаған тұрғын жұмадан сенбіге қараған түнді суық шатыр астында өткізген.

Жер сілкінісінің магнитудасы шамаман 6,4 балды құраған. Оның күшті болғаны соншалық, Непалға шекаралас жатқан Үндістанның астанасы Нью-Делиде де сезілген.

Непал таулы аймақта орналасқандықтан, апат болған аймаққа жету қиындық тудырып жатыр. Ел астанасы Катмандудан 500 шақырым қашықта сілкініс өткен жерге дейінгі жолдар бұзылып, көмек көрсетуге кедергі болып тұр.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Непал Президенті Рам Чандра Пауделге көңіл айту жеделхатын жолдады.

Бұған дейінгі бағдарламалардың бірінде Ауғанстандағы жер сілкінісі туралы да хабарладық. Ол апаттан екі мың жарымға жуық адам қаза болған еді.

Әлем елдері жасанды интеллекттен келуі мүмкін қауіп-қатерден сақтануға кіріскен.

Осы аптада Британияда 28 елдің өкілі қатысқан Жасанды интеллект қауіпсіздігі саммитті өтті. Оған АҚШ, Қытай секілді ақпараттық технология жасаудағы жетекші мемлекеттер де қатысты. Сондай-ақ шарада Илон Маск секілді ірі технологиялық компаниялар басшылары да болды.

Бұл жиын Ұлыбритания Премьер-министрі Риши Сунактың бастамасымен өткізілді. Онда 28 елдің өкілдері қол қойған “Блетчлей декларациясы” жарияланды. Құжатта жасанды интеллект тудыруы мүмкін қауіп-қатер туралы ескертілген.

Декларация атауы айтып тұрғандай, жиын Блетчлей сарайында өткен. Мұның тарихи астары да бар. Блетчлей сарайы фашистік Германияның шифрлаушы “Энигма” машинасының құпиясы ашылған жер еді. Ал қазіргі ақпараттық технологиялардың бастауына осы оқиға себеп болды. Яғни, бәрі басталған жерге қайта оралды деуге келетіндей.

Осыған дейін жасанды интеллектіні реттеу туралы түрлі іс-шаралар өтсе де, мемлекетаралық деңгейде талқылаулар енді басталып жатыр. Дегенмен, Британияда қабылданған декларацияның саяси салмағы жоқ екенін де ескеру керек. Алдағы уақытта мұндай жиындар жиілейтін түрі бар. Жасанды интеллектіні реттеу туралы кездесулер жарты жылдан кейін Оңтүстік Кореяда, бір жылдан кейін Францияда өтуі тиіс.

Мұндай шаралар жекелеген мемлекеттерде де басталып кетті. Мысалы, осы аптаның басында АҚШ Президенті Джо Байден жасанды интеллектіні реттеу туралы арнайы жарлыққа қол қойды. Құжатқа сай, мемлекетке қауіп төндіруі мүмкін жасанды интеллектінің сынақ нәтижелері қоғамға таратылмас бұрын Үкіметке тапсырылуы керек.

Басқа елдерде де түрлі амалдар жасалып жатыр. Қазақстан да қатардан қалған жоқ. Өткен айда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект бойынша стратегиялық құжат әзірленетінін атап өткен еді.

Нұрбек Матжани 

Хабарламаларға жазылу