Бұдан соң Қазақстанға тағы бір еуропалық мейман – Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан ресми сапармен келді. Бізді бұл елмен тарихи тамырластық байланыстыратынын көпшілік біледі.
Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүреді.
Одан бұрын қазіргі мажар жерінде ғұндардың патшасы Атилла да ордасын тіккен. Содан да шығар батыстағы қауым бұл елді Hungary, дейді. Бірақ әңгіме көне тарихта емес, қазіргі қатынастар жайлы өрбіді. Дегенмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін «атажұртыңызға қош келдіңіз» деп қарсы алды.
Айтпақшы, Виктор Орбан Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы президент атанғанда Қазақстанға сапарлап келген алғашқы қонақ еді. Тұлғалардың өзара достық пейілі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың нығаюын үстемелей түскен сыңайлы.
Қазақстан президенті Мажарстанды «Орталық және Шығыс Еуропадағы сенімді стратегиялық әріптес» деп сипаттап, премьер Виктор Орбанды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттағанына да осы деталь себеп болуы мүмкін.
Екі ел өзара сауда-саттық көлемін 1 млрд долларға жеткізуге мүдделі. Геосаяси шиеленістерге қарамастан, былтыр тауар айналымы 20 пайыздан артық өсім көрсеткен. Биылғы 9 айда да осындай динамика байқалады. Енді тараптар түрлі саладағы ықпалдастықты үдете түспек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір еліміз Мажарстанға құны шамамен 700 миллион доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізе алады. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өнім экспорттауға мүмкіндік бар.
Виктор Орбан, Мажарстан премьер-министрі:
Біз мұнда соңғы рет пандемияға дейін болған едік. Сол кездің өзінде екіжақты қарым-қатынасымыз өте табысты дамыды. Бірақ коронавирус барлық байланыстарымыздың қарқынын тежеді. Біз бүгін өзара ықпалдастығымызға тың серпін беру үшін келдік.