Осы аптада Астанаға қонақ көп келді. Мәртебелі меймандар, салмақты саясаткерлер. Ақорда үш күнде 5 президент, бір премьер-министр, бір Төрағаны қабылдады. Алдымен ресми сапармен Франция президенті Эмманюэль Макрон келді.
Ол Қазақстанға мен Орталық Азия аймағына алғаш рет сапарлапты. Ал Францияның ең жоғары лауазымындағы тұлғасы біздің елге 9 жылдан бері ат ізін салмаған еді. Сондықтан болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Макронның келуін «тарихи және маңызды сапар» деп бағалады.
Ал шетелдік ақпарат құралдары мұны «қарымта сапар» деп сипаттады. Себебі тура бір жыл бұрын, яғни былтырғы қарашада Қазақстан Президенті Франция астанасына барған еді. Сол кезде ол әріптесін елге шақырған.
Халықаралық аренада беделді мемлекеттің басшысы Қазақстанға келуі, расында, жекелеген ел мен аймақтың геосаяси мән-маңызы арта түскеніне тағы бір дәлел бола алады. Франция – әлемдегі алтыншы экономикалық держава. Ал Еуропалық Одақтың екінші экономикасы саналады.
Осындай елдің басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде: «Сіздің ел өз халқына қызмет ету жолында қандай да бір державаның вассалы болғысы келмейтінін, керісінше әртүрлі елмен тең қарым-қатынас орнатқысы келетінін құптаймыз. Бұл – Францияға жақын стратегия. Әрі біз дос таңдауға келгенде талғампазбыз. Ал таңдап алған достарымызды сыйлаймыз. Қажет кезінде жақтасуға әзірміз. Біз достарымыздың тәуелсіздігін құрметтейміз»,-деді.
Сегіз қиыр шартарапта тұрақсыздық ошақтары көбейген сайын елге келген ірі держава басшыларынан осындай риториканы жиі еститін болдық. Бірақ Макрон сөз таңдауға келгенде өте сақ екенін аңғаруға болады.
Қытай не Түркия басшылары сияқты «қорғаймыз» не «қолдаймыз» дегеннен гөрі, «құрметтейміз» деуді жөн көрді. Әйтсе де Макрон осы ойын Астанадан кеткен соң да үстемелей түсіп, әлеуметтік желідегі парақшасында қазақшалап мынандай жазба қалдырды:
«Ірі державалар үстемдікке қайта ұмтылған, ал кейбірінен болжауға болмайтын әрекет күткен әлемде жаңа перспективаларды ортақ етуге және бірге құруға болатын серіктестер мен достарға сене алу өте бағалы. Қазақстан мен Франция солардың қатарына кіреді».
Достық пен серіктестік туралы көп айтылған Франция президентінің ресми сапарын Данияр Қайыртай бақылады.
Биыл жазда Африкадағы Нигер елінде әскери төңкеріс болып, еуропашыл билік құлады. Орнына келген жаңа өкімет Еуропамен байланысты түгел үзді. Атом өнеркәсібіне қажет уран кенінің 40 пайызын Нигерден импорттап отырған Франция шикізатсыз қалды.
Оның үстіне Украинадағы дағдарыс ЕуроОдақ елдерін Ресейдің де ядролық отынынан бас тартуға итермеледі. Сондықтан атом энергетикасы бойынша көшбасшы ел саналатын Франция уран кенінің балама көздерін іздей бастады.
Ал Қазақстан осы металл кеніне бай. Макрон сапарының бір мақсаты да – соның экспорт көлемін ұлғайтуға келісу еді.
Нұриддин Сұлтанмұратов, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ «Аймақтық қатынастарды талдау» ҒЗО сарапшысы:
Францияда АЭС өте жақсы дамыған және оларға шикізат қажет. Қазақстан бұл тұрғыдан өте маңызды мемлекет әлемдік нарықта. Ал уран бізде шет елге әлі де аз мөлшерде шығады.
Қазақстанның әлеуеті мен ниеті барын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-француз бизнес форумында емеуріндеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында және Еуропа тұтынатын ядролық отынның төрттен бір бөлігінен астамын қамтамасыз етіп отыр. Атом энергетикасы Францияның энергетика секторында 63 пайызды құрайды. Осыған орай ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге орасан зор әлеуетіміз бар.
Франция президентінің сапары осы тұрғыдан нәтижелі болғанға ұқсайды. Екіжақты келіссөздерден кейін тараптар Стратегиялық пайдалы қазбалар бойынша ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл құжатта уран туралы сөз бар-жоғы белгісіз. Бірақ Энергетика министрі бұл мәселе талқыланатынын келіссөз алдында растаған.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
Уран игерумен айналысатын француздың Orano компаниясы Қазақстандағы «КАТКО» бірлескен кәсіпорнының 51 пайыз үлесіне иелік ететіні белгілі. Олармен уран кеніштерін игеру төңірегінде келіссөз жүреді.
Франция Қазақстанның Еуропа одағындағы маңызды және сенімді серіктесі, әрі ел экономикасының ірі инвесторы. Кейінгі 15 жылда Қазақстанға 19 млрд долларға жуық инвестиция құйған. Ал осы жылдың алғашқы алты айының өзінде француздардың біздің экономикамызға салған тікелей инвестициясы 50 пайызға артыпты. Э.Макрон «бұрынғы жобаларға да, жаңа бастамаларға да қаражат салуды жалғастырамыз» деді. Сауда-саттық көлемі де ұлғайып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр өзара тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 4 миллиард долларға жетті. Биылғы сегіз айда екіжақты сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артты, яғни 2,7 миллиард долларды құрады.
Бұл саладағы байланыс ілгерілей түсуі үшін баламалы логистикалық бағыт керек. Қазір Қазақстан Транскаспий дәлізін дамытуға күш салып отырғаны сондықтан. Мақсат – жыл сайынғы жүк тасымалын 10 млн тоннаға дейін жеткізу, деді Қ.Тоқаев. Ал Макрон Франция да бұл бағдарды өркендетуге үлес қосуға әзір екенін айтты
Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Украинадағы дағдарысқа дейін Қытай мен Еуропа арасындағы байланыс тек Ресей территориясы арқылы өтетін. Бұл жерде ОА, әсіресе Қазақстан Каспий теңізі арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы сауда-саттықты қамтамасыз ететін бір транзиттік дәліз ретінде қарастырылып отыр.
Енді осы бағытты Трансеуропалық көлік желісімен және Еуропа одағының «Жаһандық қақпа» бастамасымен ұштастыру міндеті тұр. Оған бар тарап мүдделі
Эмманюэль Макрон, Франция президенті:
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары белгілі. Олар – энергетика және аэроғарыш өнеркәсібі салалары. Қазақстан әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде де маңызды рөл атқарады. Біз осы нарықты нығайтуға үлес қоса аламыз. Бұл ретте аусылға қарсы вакцина өндірісін жүзеге асыру туралы маңызды келісімге қол қойылды.
Бұл вакцина ҚазВак шығаратын Жамбылдағы зауытта Францияның технологиясымен ендігі жылдан бастап өндірілме .
Ерғали Әбдірайымов, «Qazbiopharm» ұлттық холдингінің бас директоры:
2024 жылы бізде жоспар бойынша 10 миллионға дейін шығарамыз. Кейінгі жылдары көлемін 80 миллионға дейін ұлғайтамыз. Кейіннен ішкі нарық қамтылғанда біз экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз.
Бизнес-форум аясында осы сияқты 20 шақты коммерциялық құжат бекітілді. Олардың жалпы құны 1,5 млрд долларға жуықтайды. Ал екі ел президенті бастаған ресми делегация мүшелері 6 құжатқа қол қойған. Оның ішінде қуаты 1 гигаваттық жел электр станциясын салу жобасы да бар.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
Алғаш рет энергияны жинақтау жүйесі бар технология пайдаланылмақ. Келісім бойынша станцияны салу үшін бірлескен кәсіпорын құрылады.
Үкіметаралық келісімнің бірі Қазақстанда Француз даму агенттігі құруды көздейді. Сосын халықаралық қазақ-француз мектептерін ашып, білім беру ұйымдарында француз тілін оқыту туралы мәміле жасалды.
Ақорда таратқан ақпаратта тараптар жаһандағы және өңірдегі өзекті мәселелерді талқылағаны да жазылған. Оның ішінде Украинадағы соғыстың салдарынан туындаған санкциялар мәселесі қамтылуы әбден мүмкін дейді сарапшыла .
Нұриддин Сұлтанмұратов, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ «Аймақтық қатынастарды талдау» ҒЗО сарапшысы:
Біз өзімізге жауапкершілік алдық, Ресейге санкцияларды айналып өтуге Қазақстан көмектеспейді деген және Ресейге салынып жатқан санкциялардың Қазақстанға зардабы тиіп кетпеуі біз үшін маңызды. Осы мәселелер талқыланды деп ойлаймын.
Ал батыс басылымдары Макрон Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне Мәскеудің ықпалын азайту жолдарын қарастырады деп болжаға .
Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Бір моментте Ресеймен барлық қарым-қатынасты үзіп, тек қана Еуропаға бағыт алуымыз екіталай. Себебі аймақта өзіндік геосаяси баланс қалыптасқан. Біз тек қана Ресей, немесе Қытай, немесе тек қана Еуропаға ғана емес, біз барлық ойыншылармен тең қарама-қашықтықта әріптестікті жалғастыруды көздейтініміз белгілі. Батыс ойыншылары мұны жақсы түсінеді
Данияр Қайыртай, тілші:
Асық ату ойынының шарты бойынша шеңберден асыра атып алынған асық ұпай ретінде олжаланады. Жеңіс – көп асық ұтып алған адамдікі. Бұл жолғы ойында екі ел президенті тең түсті десек болатын шығар. Дипломатиялық дискурс та соны меңзейді. Макрон әлеуметтік желідегі парақшасында «Қазақстанның әртүрлі елмен тең қарым-қатынас орнатқанын құптайтынын және Бұл Францияға жақын стратегия» екенін жазған. Асық ойынының философиясы да сондай. Дәлдік пен ептіліктен бөлек, байсалдылық пен досыңа деген сыйластық та аса қажет.
Данияр Қайыртай