Лондонда дүкен ұрлығы көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лондонда дүкен ұрлығы көбейді

03.11.2023

Тұманды Альбиондағы дүкендерде ұрлық-қарлық көбейді. Британ бөлшек сауда бірлестігінің мәліметі бойынша, өткен жылы Англия мен Уэльсте тіркелген қылмыстардың саны 26 пайызға өскен. Ал одан келетін шығын жылына шамамен бір миллиард стерлинг фунтын құрайды.

Кәсіпкерлер қолының сұғанағы бар адамдарға салынатын айыппұл көлемі аз, полицияның жұмысы сапасыз деп налиды. Сала өкілдері қылмыстың көбеюіне ең алдымен өмір сүру құнының өсуі себеп, дейді. Тіпті баласы бар аналар да ұрлыққа барып, заттарды арбаға жасыратын болған. Ет пен балық консервілерін қолды қылатын зейнеткерлер де көп. 13 ірі Британ ритейлері мен жоғары лауазымды полиция басшысының Премьер-министрдің ресми резиденциясына барып, бірлескен іс-қимыл жоспарын талқылауларына тура келді.

Крис Филп, Қылмыс, полиция және өрт сөндіру бойынша ұлыбританияның мемлекеттік министрі:

Полиция 200 стерлинг фунтынан төмен тауарларды ұрлағандарды да жазаға тартуы қажет. Бет-әлпетті тану сияқты жаңа технологиялар кеңінен және заңды түрде қолданылатын болады. Полиция бейнебақылау камераларындағы жазбаларды үнемі пайдаланып, қылмыскерлерді қамауға алуы керек.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу