Батыс Қазақстанда 4 мыңнан астам киіктің көзі жойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда 4 мыңнан астам киіктің көзі жойылды

01.11.2023

Батыс Қазақстан облысында жиырма күннің ішінде 4314 киіктің көзі жойылған. Бөкенді атуға және тормен аулауға 15 жеке кәсіпкерге рұқсат берілген. Ауланған жануарлар төрт қасапханада сойылып, еті халыққа арзан бағамен сатылып жатыр. Ардақ Мұратқызы тарқатады.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Біз қазір Казталов ауданындамыз. Мұнда киік корал, яғни тор құру әдісімен ауланып жатыр. Киікті осы аумаққа қуып, айдап әкеледі. Сол бойда бауыздалып, көлікке тиеледі. Тордың ұзындығы – шамамен бір шақырым.

Киік 10 қазаннан бастап торға қамау әдісімен аулана бастады. Бірақ жүйрік жануар жеткізбеді. Іс өнбеді. Торға түскені тек 5-6 бөкен ғана. Амал жоқ, министр атуға рұқсат берді. Қазір киік аулаушылар бұл тәсілдің қыр-сырын меңгеріп алған. Күніне 150-180 киік торға түседі.

Рүстем Балқабеков, кәсіпкер:

Ату тиімсіз. Мысалы, бір оқ 500 теңге тұрады. Бір киікке кемінде 4 оқ кетеді, 2 мың теңге. Оның сыртында жанармайың, қосалқы бөлшегің бар. Сосын бас тарттым. Қуып жүріп аулау оңай емес, әрине. 15-20 млн теңгедей шығындалып, тор, техника, басқа да керек-жарақ сатып алдым. Бірақ еңбек ақталуы тиіс.

Бұлардан бөлек, 13 кәсіпкердің бригадасы киікті түнде атады. «Охотзоопром» кәсіпорнымен келісімшарт жасасқан. Жаралы бөкен сол жерде бауыздалып, ішек-қарны жерге көміліп, салқын күйі қаладағы қасапханаларға жеткізіледі. Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылындағы мал сою пунктіне киік еті Казталов ауданынан келіп жатыр. Тұрғындар сағаттап кезекте тұр. Қасапшылар жануардың терісін сыпырып, жіліктеп, тіпті тұтастай үлестіріп жатыр.

Дамир Құрманов, қасапхана иесі:

Қолайлы баға - 1200 теңгеден сатып жатырмыз. Арзан болғасын, халық көп келіп, алып жатыр. Ешқандай проблема жоқ. Терісін өзіміз тұздап жатырмыз. Сирағын әзірге жинап жатырмыз. Білмейміз қайда жіберетінімізді. Еті дәмділеу. Даланың малы ғой.

Өңірде соңғы тәуліктегі есеп бойынша 3500 киіктің көзі жойылған.

Нұрлан Рақымжанов, Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының басшысы:

Шектемесе, болмайды. Себебі жылдан жылға тез өсіп келе жатыр. Ол айналып келгенде киіктердің өзіне зиян. Өрісі тарылуы өз алдына, бір-біріне жақын жайылғасын, үй жануарларымен де тығыз байланыста болғасын, ауру тарауы әбден мүмкін.

Ал ауланған киіктің мүйізін «Охотзоопром» инспекторлары акт толтырып, кесіп алып, Алматыға қоймаға сақтауға жіберіп жатыр. Бір өкініштісі, елімізде емге бай бөкен мүйізін өңдеп, кәдеге асыратын кәсіпорын болмай тұр.


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу