Еңбек қауіпсіздігі: Нені ескеру керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек қауіпсіздігі: Нені ескеру керек?

29.10.2023

Мәжіліс депутаттары ел тәуелсіздігін жариялаған елең-алаң тұста Қазақстанға келген инвесторлардың компанияларына толық тексеру жүргізу қажеттігін айтады. Себебі тоқсаныншы жылдары жасалған келісімшарттарда Қазақстанның ұлттық мүдделері көзделмеген дейді.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ол жерде инвесторлардың құқықтары және Қазақстанның міндеттері ғана жазылған. Міне, сондықтан құқық қорғау органдары, біздің үкіметіміз қазіргі певдоинвесторлардың барлығына белгілі бір шешім қабылдап, заңға тартайын десе, олар жаңағы келісімшартқа сүйеніп отырады. Сондықтан халықаралық құқық аясында біздің елімізде, қазіргі АМТ-мен іс-шара аяқталғаннан кейін, барлық инвестконтрактілерді қайтадан қаралып, ҚР ұлттық мүдделері, оның ішінде ең негізгісі, кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік мәселелер шешілуі және кәсіпорынның модернизация мәселелері қарастырылуы керек.

Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Менің ойым, сол жекешелендіруге бергенде бір жылдың ішінде Қазақстандағы ұлттық бизнес өкілдері бар ғой, солардан топ құрып, солардың қорын ба, әлде акционерлік қоғамын құрып, соларға берсе. Тек қана Карметкомбинатты ғана емес, жалпы Қазақстанда шетелдік басқаруға, шетелдік инвесторларға берілген компанияларды біртіндеп-біртіндеп ала бастау процесін бастауымыз керек.

Ал салалық кәсіподақ төрағасы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы еңбек қауіпсіздігіне байланысты ұсыныстарды жылдар бойы елемей келгенін айтты. Тіпті, кәсіпорындарда кей позицияларда жұмысшы жетіспейтінін алға тартып отыр. Көп жыл кенші болып істеген Мәжіліс депутаты Арман Қалықов қауіпсіздікті күшейту мол қаражат талап етеді дейді.

Евгений Буслаев, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы:

Жаңа меншік иесі қауіпсіздікке көбірек көңіл бөледі деп үміттенеміз. Әсіресе, қондырғыларды жаңарту мәселесіне. Сосын кейбір позициялар бойынша маман тапшылығы бар. Ол бос орындарға адамдардың жұмысқа тұруын ынталандыру үшін еңбекақыны көтеру керек.

Арман Қалықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Кезекті трагедия...Бұл бір жүйелі проблемаға айналып кетті. Меншік иесі қауіпсіздікті мүлдем қамтамасыз ете алмай отыр деген сөз. Сондықтан жаңа инвесторға әжептәуір қаражат салуға тура келеді. Негізі дамыған, өркениетті елдердің барлығында көмір өндірісіне мемлекеттік дотация жасалады.


Хабарламаларға жазылу