Таяу Шығыста соғыс жалғасып жатыр. Бүгін Израиль Газа секторында әскери операцияның екінші фазасы басталғанын жариялады. Оның мақсаты – «Хамасты» жою. Ал авиациялық соққылардан қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны 7 мыңнан асып кеткен. Осындай шақта әлемнің барлық құрлықтарында соғысқаауқымды қарсы шерулер өтіп, оларға миллиондаған адам қатысып жатыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Бүгін Израильдің жаяу әскері Газа секторына басып кіріп, операция жүргізді. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху мәлімдегендей, бұл – үш аптадан бері жалғасып жатқан соғыстың екінші фазасы. Израиль танктері Газаға соңғы күндері осылай бірнеше рет кіріп шыққан. Ол операциялардың мақсаты – «Хамасты» жою.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
Армия күштері тиісті аудандарда маневрлар жасап, «Хамас» қозғалысына жердің үстінде де, астында да, көктен де, теңізден де соққы беріп жатыр.
Дегенмен, кең ауқымды құрлықтық шабуылдар әзірге толық басталған жоқ. Әскерилер өз мәлімдемелерінде аңғартқандай, оған дайындық жүріп жатыр.
Газа - бірнеше аптадан бері Израильдің қоршауында. Мұнда бүгін байланыс пен интернет жоғалып, кешке таман қайта іске қосылды. Сонымен қатар, Израиль әуе күштері сектордағы «Хамастың» туннелдерін, ракета ататын позицияларын, қару-жарақ қоймаларын, баспаналарын бомбалауды жалғастырып жатыр. Алайда, бұл авиациялық соққылардан бейбіт халықтың үйлері мен ауруханалар және өзге де әлеуметтік нысандар көп қираған.
Махмуд Аббас, Палестина президенті:
Газа секторындағы халқымызды Израиль оккупациялық күштері бүкіл әлемнің көзінше геноцидке, қырғынға ұшыратып жатыр.
Соңғы мәліметке қарағанда, «Хамастың» шабуылынан Израильде 1400-дей адам қаза тауып, 230-дан астамы кепілдікке алынып, Газаға әкетілген. Ал Газаның өзінде Израильдің әуе соққыларынан 7700-дей бейбіт тұрғын мерт болды. Сол құрбандардың екі мыңнан астамы – балалар. Және де Газада 1 миллион 400 мыңдай адам үйлерін тастап кетті.
Газа тұрғыны:
Мынау нәрестем екі жарым ай бұрын ғана туды. Оның не жазығы бар? Ол кімді өлтіріп немесе жаралапты? Әлде біреуді ұрлады ма? Үйлерінде бейкүнә балалар қырылып жатыр.
Таяу Шығыста жаңа соғыс қазанның 7-де басталды. Сол күні «хамастықтар» Израильдің оңтүстігіндегі ауылдар мен қалаларды қанға бөктірді. Палестиналық қозғалыс бұл шабуылдарды Израильдің Газаны блокадаға алуына, арабтардың жерлерін жаулауына, мыңдаған палестиналықты түрмеге тоғытуына қарсылық ретінде ұйымдастырғанын айтады.
Израиль болса, «хамастықтарды» осы әрекеті үшін лаңкестерге теңеп, Газаны бомбалау операциясының мақсатын – елді қорғау деп атады.
Бенни Ганц, Израиль министрі:
Біз бұдан былай басқаларға сенбейміз, олар қанша жерден жомарт болса да сенбейміз. Тек өзімізді және әрбір азаматымызды қорғауға тиіспіз.
Cоңғы күндері әлемнің барлық континенттерінде Палестинаны жақтаған ауқымды шерулер өтіп жатыр. Мұндай акцияларға араб елдерінде, Австралияда, Америка Құрама Штаттарында, Түркияда, Еуропа мемлекеттерінде миллиондаған адам қатысты. Сонымен қатар, Израильдің өзінде де соғысқа қарсы демонстрациялар өтіп, халық үкімет басшысының әрекетіне наразылық білдірді.
Реома Кедем, Израиль тұрғыны, қазанның 7-де баласын жоғалтқан ана:
Біз мына қантөгісті қашан тоқтатамыз? Қашанға дейін созылады? Балаларымыз, немерелеріміз осылай өле бере ме? Проблема өз ішімізде. Мынадай үкімет басшысымын мәселе шешілмейді. Оның әрекетінен өзіміз де жойыламыз.
Газа секторының мыңдаған тұрғыны гуманитарлық көмек сақталған қоймаларға басып кіріп жатыр. Мұны бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымы мәдімдеді. Оның дерегінше, ашыққан жұрт талай қап ұнды ғана емес, өзге де ең қажетті заттарды алып кеткен.
Қазанның 7-де соғыс басталғалғаннан кейін Израиль Газаны толық блокадаға алды. Содан бері бұл палестиналық анклавта азық-түлік, дәрі-дәрмек, отын, ауыз су тапшылығы байқалып отыр. Ал Мысырмен арадағы Рафах өткізу пунктінен секторға күніне санаулы ғана жүк машинасы өтеді. Сондықтан, шетелден жеткен жәрдем жергілікті халыққа жетпей жатыр.
Арыстан Рысбек