25 қазан – нағыз елдіктің мейрамына айналуы тиіс - Мемлекет басшысы
Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлер тұр. Күрделі кезеңнен орнықты даму мен бірлік қана алып шығады. Бүгін Мемлекет басшысы Республика күніне арналған мерекелік жиында осылай деді. Әрі ұлттық мейрамның маңызын айтып, елдің алдағы дамуына қатысты бағыт-бағдарын белгілеп берді.
25 қазан. Осыдан 33 жыл бұрын осы күні дәуір декларациясы тарихқа енді. Бұл тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам еді. Егемендік туралы құжат қабылданып, мемлекеттік қағдитаттар бекіді. Осы декларацияның арқасында кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құру тарихы басталды. Бұл мереке сонысымен қадірлі, қастерлі. Алайда, 22 жыл бұрын мерекелер қатарынан алынып тасталған еді. Былтыр қайта оралды. Әрі ұлттық мереке мәртебесі беріліп, елдің ең басты мейрамы ретінде бекіді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Шын мәнінде, егемендік декларациясын қабылдау оңайға соққан жоқ. Еліміздің ұлттық құрамы біркелкі емес еді. Сол кездегі Парламентте, яғни Жоғарғы Кеңесте және бүкіл қоғамымызда ұзақ пікірталас, қызу талқылау болды. Құжаттың әр сөзін, әр бабын қорғауға тура келді.
Құжатты жазған ел ағаларын жеке-жеке атады Президент. Өйткені декларация - азаттыққа жол ашты. Содан бері Қазақстан қуатты ел ретінде қалыптасты, елдіктің тұғыры нығайды. Көк туымыз БҰҰ-ның төрінде желбіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек. Осы орайда тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі ол еліміздің Тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді.
Бәрі мінсіз болды деуге де келмейді. Қателіктердің болғаны рас. Президент оны ұмытпай, тұрақты даму үшін қорытынды жасау керегін айтты. Ал соңғы жылдары елде үлкен саяси реформа басталғанын білеміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміз соңғы жылдары түбегейлі жаңғырды. Біз ауқымды, бірегей конституциялық реформа жасадық. Бұл маңызды қадам біздің геосаяси ортамызды алып қарасақ, теңдессіз реформа болды. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Мұның бәрін саяси реформаның басты мазмұны деуге болады.
Болашаққа бағытталған ең үлкен инвестиция – ол білім, ұлт саулығы, әлеуметтің әлеуеті. Осы үш бағытқа көрсетілетін қолдау да, бөлінетін қаржы да қомақты болуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан әлеуметтік салада айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Халықтың денсаулығын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде азаматтардың орташа жасы 74,4 жасқа жетті. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
Қазақстан тоқсаныншы жылдардағы демографиялық құлдырауды еңсерді. Қазір халықтың саны 20 миллионға жақындады. Ендігі екпін – әл-ауқатты жақсарту. Екі айдан кейін әр баланың есепшотына ұлттық қордан қаржы түсе бастайды. Бұл бір реттік емес, тұрақты қолдау. Ауыл-аймақтарды өркендету міндеті және тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы басталды. Осы жобаның аясында 655 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік нысан салынады, құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, 20 ауданаралық көпбейінді емхана ашылады, ал 12 емхана заман талабына сай жаңарады. Яғни, төрт миллионнан астам ауыл азаматына сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіледі.
Алдағы 3 жылда ел аумағында жүздеген жаңа мектеп салынады. Ауылдарда 100 спорт орталығы ашылады. 650 мәдениет ошағы салынады, жөнделеді. Жаңа экономикалық саясат та айқын. Ұлт байлығын әділ бөлу, инфрақұрылымды жедел жаңғырту, кәсіпкерлердің жолын бөгемеу, ауқымды инвестиция тарту.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкімет пен әкімдер Мемлекет басшысының тиісті нұсқауларын, тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға міндетті. Бұл жұмыс Парламенттің жіті бақылауында болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өзгерістердің игілігін жақын арада еліміздің барлық азаматы көруге тиіс.
Егемендікке жету тауқыметі қаншалықты қиын болғанына тарих куә. Ал оны сақтап тұру одан да қиын. Қазіргі геосаяси аухал күрделенген шақта жауапкершілік тіпті еселенді. Халықаралық сарапшылардың біздің елге берген бағасы бар: Қазақстан – бейбітшіліктің бесігі. Осыны сақтап қалу әр азаматқа жүктелетін жауапкершілік.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлер тұр. Осы күрделі кезеңде мемлекетіміздің орнықты дамуы өте маңызды. Біз болашаққа сеніммен қараған біртұтас Қазақ елін күллі әлемге танытуымыз керек. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі, тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер.
Елдегі әрбір бастама келер ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатыр. Мемлекет басшысы осы тұста жастарға арнайы үндеу жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болады. Шын мәнінде, кез-келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек.
Қазақстан - радикализмнің, экстремизмнің, тұрмыстық вандализмнің кез келген көрінісіне қарсы. Елдің саяси өзегі осыған сүйенеді. Президент мұны үнемі айтып келеді. Бұл талапқа бағынбау мемлекетке де, қоғамға да қарсы шығу деп бағаланатынын бүгін тағы ескертті. Әрі мемлекетті басқарудың бұрынғы тәсілі қайтарылмайды. Өзгерістер жалғаса береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бірақ біз реформаны жүзеге асырғанда, ең алдымен, ішкі саяси тұрақтылықтың маңыздылығын естен шығармауымыз керек. Әйтпесе Қазақстанның мемлекеттілігіне зор қауіп-қатер төнуі және оның салдары ұлт болашағы үшін өте ауыр болуы мүмкін. Сондықтан мен әрбір азамат заң мен тәртіпті сақтауы керек деп үнемі айтып жүрмін.
Мерекеде патриоттық, қайырымдылық, волонтерлік іс шаралар көптеп ұйымдастырылған жөн. Осылайша, 25 қазан – нағыз елдіктің мейрамына айналуы тиіс деді Президент.
Асима Нұрбайқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Туған үш ағайынды бір әскери бөлімде борышын өтеуде
02.05.2026, 20:08
Қауіпсіздігі жоғары композиттік газ баллондары өндіріледі
02.05.2026, 20:07
Балық аулауға уақытша тыйым салынды
02.05.2026, 20:05
Нөсер жауыннан өзендер тасып, екі көпірді шайып кетті
02.05.2026, 20:05
Халықаралық келіссөз: Польшада ұсталған қазақстандық бостандыққа шықты
02.05.2026, 20:02
Қазақ тазысы 2035 жылы әлемдік деңгейде мойындалуы мүмкін
02.05.2026, 20:01
Павлодарда «Бірге еккен бір ағаш» экологиялық акциясы өтті
02.05.2026, 18:49
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні
01.05.2026, 20:41