Қарағанды облысында ішімдіктен түбегейлі бас тартқан ауыл бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында ішімдіктен түбегейлі бас тартқан ауыл бар

23.10.2023

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында ішімдіктен түбегейлі бас тартқан ауыл бар. Мұндағы дүкендерде алкогольдік өнім мүлдем сатылмайды. Той-томалақ та арақ-шарапсыз өтеді. Соның арқасында соңғы 3-4 жылда мұнда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ал жастары спортқа бейім. Кәсіп ашып жатқандар қаншама. Бірлігі жарасқан ауылдың тыныс-тіршілігімен тілшіміз Руслан Нұрланұлы танысып қайтты.

Қарабұлақ ауылындағы ең үлкен дүкеннің иесі Дина Төлегенова бизнесін үш жыл бұрын бастаған. Содан бері ішімдік сатқан емес. Одан табысым еш азайған жоқ, керісінше еселене түсті, - дейді кәсіпкер.

Дина Төлегенова, дүкен иесі:

Ашылғаннан бері арақ, темекі сатпаймыз, насыбай да сатпаймыз. Жолдасымыз екеуміз солай шештік. Адал еңбегімізбен жұмыс істейік деп. Сұрап келетіндер бар. Біз айтамыз, біз сатпаймыз деп.

Ішімдіктен сап тыйылған ауылда оң өзгерістер өте көп. Соңғы 3-4 жылда мұнда ешқандай тәртіп бұзушылық, қылмыс тіркелмеген. Бірақ босаңсуға болмайды. Алдын алу жұмыстарын ақсатып алмау үшін учаскелік полиция инспекторы күніге ауылды бір аралап шығады.

Аманбек Әубәкіров, учаскелік полиция инспекторы:

Ішімдіктің көп қылмысқа әсері бар ғой негізі, отбасылық жағдайда да. Енді кейінгі бір 3-4 жыл болды, бізде қылмыс тіркелмеген. Соның арқасында біз өзімізді, бұл ауыл өзі ішімдікке бейім болмағаннан кейін, өзімізді ішімдіксіз ауыл ретінде жариялауға ұсыныстар түсті. Соны ауыл жастары қолдады, үлкендер де қолдады.

Қарабұлақ ауылында қазір 500 адам тұрады. Соның 30 пайызы жастар. Көпшілігі спортқа үйір. Ауыл командасы облыстық, тіпті республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Спорт кешенінде күрес, волейбол және жаттығу залдары жұмыс істеп тұр.

Ақжол Бейсенбай, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

Үлкен кісілер зиянды заттан аулақ болыңдар дейді. Жоламаңдар, спортқа қатысыңдар дейді. Спорт денсаулық кепілі деп көбінесе айтып жатады.

Алақандай ауылда кәсіпкерлік те жақсы дамып келеді. Жергілікті фермерлер бірігіп, жыл сайын «Үздік бизнес жоба» байқауын жариялайды. Басты талап – ауыл тұрғыны болу керек. Жеңімпазын өздері анықтап, қайтарымсыз қомақты қаражат береді.

Аслан Рахымбергенов, Қарабұлақ ауылының әкімі:

Сол жобаның аясында биылға дейін екі жоба сәтті жүзеге асты. Біреуі шаштараз қызметін ұсынған болса, екіншісі наубайхана жұмысын ұйымдастыру. Одан бөлек биылғы жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында үш жас әрбіреуі 5 миллион теңгеден несие рәсімдеп, бүгінгі күні сол несиесін алып, жұмыстарын жүргізуде.

Шалғайдағы алақандай ауыл тұрғындарының бүгінгі тірлігі көпке үлгі. Жұртты осылайша ұйымдастырып, тың бастамаларымен көпшілікті таң қалдырып жүрген жас маман Аслан Рахымбергенов биыл республика бойынша «Ең үздік ауыл әкімі» атанды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу