Түркістан музыкалық-драма театрының III маусымы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан музыкалық-драма театрының III маусымы ашылды

23.10.2023

Түркістан музыкалық-драма театры III маусымын жаңа қойылыммен бастады. Жас театр ұжымы аз уақытта көзі қарақты көрерменнің ықыласына бөленіп үлгерді. 

Әлемнің 14 елінде сахналанып, кино өндірісінде елеулі туындыға айналған «Келіндер көтерілісі» комедиясы 40 жыл өтсе де көрерменнің ықыласына бөленіп келеді. Қойылым Түркістан музыкалық драма театры сахнасында заманауи келбетке ие болды. Әсіресе жастарға ерекше әсер сыйлады.

Төребек Байтасов, көрермен:

Бұл спектакльдің ерекшелігі Түркістанға тән диалекттер, сөздер, географиялық атаулар қойылған. Көптеген әулетте кездесетін адуынды ененің барлық отбасын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, шаңырақтың ұйытқысы болып тұрғанының әдемі көрінісі бар.

Жанерке Бердәлиева, көрермен:

Бұрынғы оқыған шығармадан бөлек, блогер деген түсініктерді қосқан. Менің ойымша қазіргі заман талабына сай ең керемет қойылымдардың бірі деп ойлаймын.

Қойылымды сахналаған белігілі актер әрі талантты режиссер – Дәурен Серғазин. Ол ежелден ауылы-аралас, қойы-қоралас жатқан бауырлас қазақ пен өзбектің ортақ құндылығын тиімді пайдаланып, жаңаша сипаттағы музыкалық дүние жасап шығарды. Комедияда тек ене мен келін арасындағы қарым-қатынас емес, жалпы қоғамдағы мәселелер де ашық көрсетіледі.

Айнұр Көпбасарова, театрдың көркемдік жетекшісі:

Әзілге құралған спектакль болғанымен, оның астарында өте үлкен ой жатыр. Бұл жерде біз астарлап болса да келін мен ененің арасындағы, отбасындағы құндылықтарға көңіл аудару керек екендігін көрсетіп отырмыз. Қоғамда орын алып отырған кейбір мәселелерді де көтеріп жатырмыз. Спектакль өз көрерменін тапты.

Қойылымда адам баласының еркіндігі, таңдау құқығы, психологияның жедел дамуының әсері сияқты мәселелер көпшіліктің ойындағыны дөп басты. Көпшілікті өнерімен тәнті еткен театр ұжымы осы маусымда тың туындыларын ұсынбақ.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу