Басты Жаңалықтар Израиль-Палестина: Зардап шеккендер мен тұтқындар арасында шетелдіктер бар

Израиль-Палестина: Зардап шеккендер мен тұтқындар арасында шетелдіктер бар

Израиль әскерилері Газа секторына шабуылдарын үдете түсетінін мәлімдеді. Сондықтан тұрғындарды анклавтың оңтүстігіне эвакуациялануға қайта үндеп жатыр. Өткен аптада да Израиль тарабы осындай ескерту жасаған еді.

Израиль Қорғаныс армиясының ресми өкілі Даниэль Хагари «Шабуылдарымызды күшейтіп, біздің жақтан шығынды азайтамыз» деп, Газа үшін гуманитарлық көмек сектордың тек оңтүстігіне жеткізіліп жатқанын айтты. Соңғы ақпаратқа сәйкес, Таяу Шығыстағы соғыс құрбандарының саны 4 жарым мыңға жуықтап қалды.

Осы аптада да әлемнің ең негізгі тақырыбы Израиль-Палестина болып тұр. Нұрбек Матжаниге сөз кезегін берейін. Нұрбек, кеш жарық. «Зардап шеккендер мен тұтқындар арасында шетелдіктер де бар» деген ақпарат тарап еді.
Бұл қаншалықты рас? Қазақстандықтар бар ма?

Иә, өкініштісі, Таяу Шығыстағы шиеленіс әлі де шешімін тапқан жоқ. Израиль мен Хамас арасындағы қақтығыстан қаза тапқандар ішінде расымен шетелдіктер де бар. Ал қазақстандықтарға қатысты Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесіне сәлден соң тоқталамын.

Израиль мен Хамас арасындағы қақтығыстың жалғасып жатқанына екі апта болды. Батыс елдерінің лидерлері Израильге барып, қолдау көрсетті. Дегенмен Франция, АҚШ және басқа да елдерде Палестинаны қолдауға шақырған шерулер де өтіп жатыр.

Бұл конфликтіде бірнеше маңызды мәселе бар. Біріншісі, екі жақ тараптан да жазықсыз адамдардың жапа шегуі. Мыңдаған бейбіт тұрғынның өмірін қиған қақтығысты тоқтату һәм келісімге келуге барлық әлем лидері шақырып жатыр.

Екінші мәселе, Газа аймағындағы гуманитарлық жағдай. 2005 жылы Газа аймағынан Израиль өз әскерін шығарды. Дегенмен Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл территорияны оккупацияланған аймақ деп, ондағы тұрғындардың өміріне қажет игіліктерді қамтамасыз етуді Израильге тапсырған. Хамас шабуылынан кейін Израиль электр қуатын үзіп, басқа да қажеттіліктерді жеткізуді тоқтатқан еді. Бұл мәселені шешу үшін АҚШ пен Мысыр бірігіп, гуманитарлық көмек жіберді. Біраз уақытқа Мысырмен шекарадағы Рафах бекетінде тұрған бұл көмек, кешеуілдеп жетті. Бірақ ол 2 миллионнан астам тұрғыны бар Газа аймағының жағдайын қалпына келтіруге жетпейді.

Үшіншісі, Израиль мен Хамас арасындағы қақтығыста шетел азаматтары қаза болған және кейбірі қазір тұтқында отыр. Өз азаматтарын тұтқыннан босату үшін Израильге мемлекет басшылары келіп жатыр. Осы ретте Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қақтығыста зардап шеккен немесе кепілге алынғандар арасында еліміздің азаматтары жоғын хабарлады.

Жалпы, осы жағдайға қатысты БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш кепілге алынған адамдарды дереу босату керегін мәлімдеді. Сондай-ақ гуманитарлық көмекке кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Қазақстан Республикасы осы үндеуге қосылып, «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде бейбіт келісімге келуге шақырды.

Ал әзірге Израиль жаяу әскерін шекараға топтастырып, Газа аймағына құрлықта шабуыл жасауға дайындалып жатыр. Бітімге шақыратын кездесулер әлі де өте қоймады. БАҚ пен әлеуметтік желіде фейк ақпараттар көбейіп жатыр.

Біз қақтығыстың тезірек аяқталып, екі тарапты да қанағаттандыратын және бастысы бейбітшілік орнататын келісім жасалуын тілейміз.

15 қазанда Польшаның саяси бағытын күрт өзгерткен Парламент сайлауы аяқталды. Әдетте дауыс берушілер саны 62 проценттен аспайтын. Бұл жолы сайлауға қатысу көрсеткіші рекордты 74 процент болды. Сарапшылар оппозициялық альянстың бұл жеңісіне «Польшадағы коммунистік режимнің құлағанынан бергі ірі тарихи оқиға» деп баға беріп отыр.

Соңғы сегіз жылда елді билеген ұлтшыл-популистік «Заң және Әділет» партиясы көп дауыс жинағанымен, Парламентте көпшілік бола алмады. Азаматтық коалиция өзге оппозициялық күштермен одақ құрып, Парламенттегі көпшілікке қол жеткізді. Оппозициялық альянсты Польшаның бұрынғы премьер-министрі және Еуропалық Кеңестің төрағасы Дональд Туск бастаған.

Өткен жылы Венгрия мен Италияда ұлтшыл-популистік күштер билікке келген еді. Ал осы жолы Польша либералдық оппозицияның жеңісі Еуропадағы демократиялық процеске жаңа дем бергендей. Аймақтағы ірі экономикалардың бірі Польшадағы мұндай өзгерістер Еуропа үшін маңызды екені сөзсіз.

Соңғы жылдары Польша демократия көрсеткіштерінде төмендей бастаған. Мемлекетте бір партияның ғана дәурені жүрген. Сондай-ақ Польша парламентінің Еуропа одағымен заңсыз миграция бойынша кикілжіңі де көбейген.

Дональд Туск жасақтайтын жаңа үкіметтің жұмысы оңай болмайын деп тұр. Біріншіден, Польшаның қазіргі президенті Заң және Әділет партиясының бұрынғы мүшесі және осы партияның арқасында сайлауда жеңіске жетті. Келесі сайлау 2025 жылы өтеді, демек жаңа премьер-министр мен президент арасында қайшылықтар болатыны анық. Сонымен қатар Тускке мүшелерін Заң және Әділет партиясы іріктеген Конституциялық Сотпен жұмыс істеуге тура келеді.

Еуроцентристік көзқарасты ұстанатын Польшаның жаңа мемлекет басшысы Брюссельдің қолдауына арқа сүйейтіндігі сөзсіз. Пандемиядан кейін қалпына келу үшін деп Еуропа одағынан Польшаға бөлінген 35 миллиард еуро ескі үкіметтің антидемократиялық шешімдеріне байланысты блокталған еді. Енді Туск үкіметі бұл қаржыны алу үшін Еуропа Одағының бірқатар саяси талаптарын орындауы тиіс.

Жалпы, 2024 жылы бірнеше маңызды сайлау өтпек. Олардың бірі АҚШ-тағы президент сайлауы. Бұл процесс қызық әрі күрделі болғалы тұр. Сондай-ақ келер жылы Ұлыбритания Парламентіне, Украина президенттігіне сайлау жоспарланған.

Қытайлық көліктердің қала көшелерінде көбейгенін көріп жүрген боларсыздар. Бұл тек біздің елдегі емес, әлемдегі тренд. Әсіресе BYD компаниясының биылғы кірісі өткен жылмен салыстырғанда екі есе көбейген.

Қытай нарығында BYD компаниясы барлық бәсекелесінен басып озып, сатылым бойынша бірінші орында тұр. Немістің Volkswagen немесе жапонның Toyota көліктері аспан асты елінде бұрынғыдай басымдыққа ие емес.

Қытайлық компанияның даму қарқыны әлем бойынша да күшейіп жатыр. Қазір BYD сатылым көрсеткіші бойынша әлемде Tesla компаниясынан кейін екінші орында. Екеуі де электр көлігі екенін ескерсек, АҚШ пен Қытай арасындағы тағы бір салада бәсекенің басталғанын байқауға болады.
Жалпы, қытайлық компаниялар көлік өндірісі саласында үлкен жетістікке жетіп жатыр. Мысалы, осы жылдың басында BYD немістің Volkswagen компаниясын басып озды. Сондай-ақ биыл Қытай көлік өндірісінде Жапонияны озып, әлемдегі ең ірі көлік экспорттаушы ел болды.

2000 жылдардың басында Қытай Үкіметі жаңартылатын энергия өндірісіне басымдық беріп, субсидиялар мен салық жеңілдіктерін енгізді. Бұл BYD секілді жасыл технологияларды қолдануға бағытталған компанияның шарықтап дамуына ықпал етті. Әлемдік технологиялардың осы бағытта дамып жатқанын ескерсек, қытайлық көліктердің әлі де көбеюі мүмкін екенін болжауға болады.

Бүгінгі таңда Бейжіңнің көлік сатуда экспорттық нарықтары АҚШ пен Еуропалық Одақ елдерімен шиеленісі де артып келеді. Әлем жаңа, таза технологияларға көшіп жатқанда, батыс елдерінің Қытай өнімдеріне деген тәуелділіктен бас тартуы да қиын болатыны белгілі.


Бөлісу