Ал кеше «Антикор» заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі Президенттің тапсырмасын орындау барысында бұрынғы Әділет министрі ұсталғанын хабарлады. «Лауазымын асыра пайдаланды» деген күдікпен. Нақты қай экс-министр екенін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жарияламай отыр.
«Ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдады. Бұл әрекет мемлекетке үлкен зиян келтірді»,-делінген Антикор мәлімдемесінде. Қылмыстық-процестік Кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Қаңтар трагедиясынан бері «олигополия», «олигархия» туралы жиі айтылып жүр. Желідегі «162-1» деген жазба былтырғы бизнесмендермен кездесудегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерін тағы еске салды. «Қазақстан байлығының тең жартысы 162 адамға тиесілі» деп еді ғой. Қалған 161 адамға Боранбаевтың кейсі сабақ бола ма екен?!
Ал биыл Жолдауда Мемлекет басшысы шағын және ірі бизнес дамып жатса, ортаның оңбай тұрғанын сынға алған еді. «Неліктен?» деген сауалға жауап іздеп көрдік. «Бизнес» дегенде, ең алдымен, салық саясаты еске түседі.
Осы орайда қосылған құн салығының ставкасын көтеру дұрыс па? Бұрыс па? – деген сұрақ туындайды. Кеше ғана Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұған қатысты мәлімдеме жасады. «Қосылған құн салығының өсімі салық төлеушілердің аз ғана бөлігіне әсер етеді. Дәлірек тек 5% пайызына ғана»,-дейді министр.
Бізде жыл сайын бюджет шығын өсіп жатыр. Қазір 24 триллион теңге. Ал мемлекеттік органдардан түсетін өтінімдер орта есеппен 50 триллион теңге болады. Яғни сұраныс мүмкіндіктен 2 есе көп. Қосылған құн салығынан түскен қаражат бюджетті толықтыруға жұмсалады. Әлеуметтік: білім беру, денсаулық сақтау салаларына бағытталатын болады,-депті Әлібек Қуантыров.
Ал, бұған дейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қосылған құн салығының ставкасын 12-ден 16 пайызға көтеруге түбегейлі қарсы шыққан еді. «Бұндай қадам көлеңкелі экономиканың кеңеюіне себеп болады» деп түсіндірген.
Осы тұста кей экономист сарапшылар «Бірнеше жыл бұрын қосылған құн салығын 12 пайызға түсіру ақталмады» деп бағалап отыр. «Бұл бір кездері шет елдік компанияларды Қазақстанға тарту үшін жасалған амал еді» дейді олар. Өйткені басқасын былай қойғанда Ресей, Беларусь, Армения секілді жақын шет елдерде қосылған құн салығы 20 пайыз.
Айбар Олжай, экономист:
Бізде қосымша құн салығын ірі компаниялардың төлейтінін ескерсек, бізге бір 2,8 триллион жылына алып келеді. Ол біздің бюджет дефицитінің жартысын жабуға мүмкіндік береді. Қалған жартысын ішкі облигациялармен жапсақ, онда Ұлттық қорды сақтап қалуға мүмкіндік бар.
Қосылған құн салығының ставкасы 2025 жылдан бастап 16 пайызға өсуі мүмкін. Әзірге 12 пайыз. Ал, жалпы Қазақстандағы кәсіпкерлер биыл 8 айдың ішінде 13 триллионға жуық салық төлеген.
Айнұр Сартаева, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз хатшысы:
2023 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ірі бизнес субъектілерінен 9,7 триллион теңге салық түскен ел қазынасына. Ал орта бизнес субъектісінен 1,6 триллион теңге, ал шағын бизнес субъектілерінен 1,3 триллион теңге салық түскен.
Дегенмен қазақстандық бизнес алаңында құн салығынан да бөлек мәселелер бар. Мысалы шағын және орта бизнестің ахуалы. Кіші кәсіпкерліктің даму қарқынына сөз жоқ. Соңғы 10 жылда Қазақстанда 200 мыңнан астам шағын бизнес субъектісі тіркелген.
Дәл осы уақытта тек 600 орта кәсіп ашылыпты. Шағын мен орта бизнес санында неліктен орасан айырмашылық? Бюрократиядан басқа кәсіпкерлерге қандай барьер бар? Орта бизнестің гүлденуі неліктен Қазақстан экономикасына тиімді болуы мүмкін? Елдос Есенболдың бейнематериалы.
«Бақыт жетегінде» ,«Уолл Стриттің көкжалы» , «Әлеуметтік желі»... Бұл фильмдер бизнес әлемінің алыптары жайында. Немесе әлемдік бизнестің дейміз бе... Ал, Қазақстанда кәсіпкерлік қалай дамып жатыр?
2023 жылдың наурызындағы дерекке сүйенсек, Қазақстанда 2 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның 1 миллион 800 мыңы шағын бизнес. Қалғаны орта кәсіпкерлік.
Айбар Олжай, экономист-сарапшы:
Шағын бизнес шарттарының анағұрлым тиімділігінде. Бізде салық заңнамасы бойынша және регуляциялық орта бойынша шағын бизнеске көптеген жеңілдіктер жасалған. Ол салықтың аздығы, ол салық әкімшелендіруінің оңайлау болуы. Бір ғана есеп формасымен салықтар жабылады.
Мысалы 2020 жылдан бері Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мараторий жарияланған. Ол 2023 жылдың 1 қаңтарында аяқталуы керек еді. Бірақ биылғы жылдың аяғына дейін созылған. Шағын бизнес талаптарының жеңілірек екенін ресми органдар да растайды. Мысалы…
Айнұр Сартаева, ҚР Қаржы министрлігі Кірістер комитетінің баспасөз хатшысы:
Оңайлатылған салық режимін қолданатын болса табыс салығы мен әлеуметтік салыққа небәрі 3 проценттік салық қарастырылған. Одан бөлек, жалдамалы жұмысшылары, қызметшілері болатын болса, ол үшін тиісті салық төлейді, сонымен қатар әлеуметтік төлемдер төлеуге міндеттелген.
Ал, осы тұста орта бизнес ұстап отырғандар...
Айнұр Сартаева, ҚР Қаржы министрлігі Кірістер комитетінің баспасөз хатшысы:
Ірі және орта бизнес субъектілерінің барлығы негізі табыс салығын төлейді. Егер де ол заңды тұлға болса, корпоративті табыс салығын төлейді. Оның ставкасы қазіргі таңда барлығына бірдей 20 процент мөлшерінде бекітілген.
Бірақ сарапшылар: «Бюкрократия мен салық сергелдеңі жалғыз себеп емес. Орта кәсіп иелері үшін психологиялық та барьер бар» дейді.
Айбар Олжай, экономист сарапшы:
Бізде шын мәнінде жасырыны жоқ, рейдерлік әрекеттер болған. Орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер болған. Осы рейдерлік әрекеттер құқық қорғау органдарының басқа да органдардың жұмысына араласа беруі кезінде белгілі бір сенім квотасын жоғалтқан.
Осы уақыт ішінде Дәурен Мергенбей бизнестің әр түрлі бағытында бақ сынап көрген. Соңғы үш жылда полиэтилен пакет шығаруды қолға алған.
Дәурен Мергенбай, жеке кәсіпкер:
Ең негізгі шикізаты өзімізден шығады деген ой болды. Бірақ сол кезде біз үміт артып жатқан Атыраудағы зауыт ол полиэитлен емес, полипропилен шығарып кетті. Сондықтан қазірше шикізатта шет елге тәуелдіміз.
Қазір кәсіпорын өз мүмкіндігінің 5 пайызына ғана жұмыс істеп отыр, дейді кәсіпкер. Әйтпесе 200 адамды жұмыспен қамтуға қауқары бар. Осылайша орта бизнес нысанына да айналуға болады. Бірақ...
Дәурен Мергенбай, жеке кәсіпкер:
Біздің елімізде өндірген заттың басқа өңірлермен салыстырғанда өзіндік құны жоғары болады. Сондықтан біздің елдің өзінің рыногы кішілеу. Үлкен кәсіпорын ашып, үлкен объеммен жұмыс істеймін деуге мүмкіндік аз. Өйткені қасымызда арзан өзіндік құнымен шығаратын мемлекеттер тұрғанда ол бізге қиындау болады.
Дегенмен сарапшылар шағын бизнестің уақыт өте ұлғайғанын құптайды. Немесе ірі бизнес субъектілерінің ыдырап ортаға көшуін де оң бағалайды.
Айбар Олжай, экономист сарапшы:
Үлкен бір бизнестің құлау тәуекелі жоғары. Үлкен-үлкен зауыттар фабрикалар. Олар тез банкротталып қалса одан шығын көбірек. Оның орнына 10 орта бизнес, 10 орташа цех жұмыс істеп тұрса тәуекел міндетті түрде азаяды. Біреуі жабылса да 9 цех жұмыс істей береді. Жалпы ірі бизнеске қарағанда шоғырланған орта бизнес анағұрлым банкротқа төзімді.
Бауыржан Ысқақов, экономика ғылымдарының докторы:
Шағын және орта бизнес орта бизнес экономиканың негізгі драйверіне айналу керек. Жалпы біздің экономиканың негізгі бағыты осы. Бірақ та біздегі ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі әрі кеткенде 22,23 пайызды құрап отыр. Ал бізде толыққанды шағын және орта бизнесі дамыған ортаны құру үшін бізде оның үлесі 50 пайыздан жоғары болу керек.
Яғни осылайша бизнес ортада бәсекелестік пайда болады. Ол тауар, қызмет сапасының артуына серпіліс дейді мамандар. Әйтпесе нарықтағы санаулы ірі компаниялар өзінен әлсіздерін оп-оңай жұтып қояды.
Айбар Олжай, экономист сарапшы:
Біз кезінде бизнесті әрбір жерге шоғырландырып, олар іріленіп олар мемлекеттен ірі-ірі субсидия алып біздер бәленбай мың адамға жұмыс тауып беріп отырмыз деген желеумен олар мемлекетті шантаждай бастады.
Сарапшылардың ортақ пікірі жалпы ішкі өнімнің басым бөлігін орта бизнес құрауы керек дегенге саяды. Сонда Қазақстан Үкіметі орта кәсіп иелерін іріленуге ынталандыру үшін не істеуі керек? 2015-2021 жылдар арасында Қазақстан бизнесті қолдауға 7 триллион теңге жұмсапты. Соның тек 4,5 триллионын салық ретінде қайтып алған. Сонда кім ұтып, кім ұтылды?
Елдос Есенбол