6 жылға сотталған Қайрат Боранбаев түрмеден босатылды. Енді ол пробация бақылауында болады. Соттың хабарлауынша, оның жазасын жеңілдетуге бірнеше фактор себеп болған. Атап айтқанда, Қ.Боранбаев жазасының үштен бірін өтеген яғни, тергеу изоляторында 2 жыл 4 ай 5 күн отырған. Еске саламыз тергеу изоляторындағы 1 күн 1,5 күнге парапар. Мемлекетке келтірген шығынын толық өтеп, тергеумен келіскен. Сондай-ақ қамауда болған кезде өзін жақсы жағынан көрсеткен. Боранбаевтың мемлекетке қайтарылған нысандарының ішінде сауда ойын-сауық кешендері, жылжымайтын мүліктері мен фитнес клубтар желісі бар. Аталған нысандар қазір жұмыс істеп тұр ма? Қоғам белсенділері неге оларды қайта жекешелендіру керек деп дабыл қағып отыр? Тілшіміз анықтады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Қайрат Боранбаев 2022 жылдың 17 наурызында қамауға алынған еді. Оған және оның сенімді серіктестеріне «AsiaGazChundzha» ЖШС мен QazaqGaz арасында тауарлық газды жеткізу бойынша заңсыз келісімдер жасап, ақша жымқырды деген айып тағылған. Мемлекет оның меншігіндегі құны 688 млн теңге болатын комерциялық ғимаратты, Халық банктегі есеп шотында жатқан 4,5 млрд теңгеден астам қаржысын тәркілеген еді. Одан бөлек, Боранбаев табиғи газды импорттау кезінде ақша жымқырғаны үшін 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығынды өтеді. Ал биыл араға бір жарым салып ол түрмеден шықты. Ол өз еркімен иелігіндегі құны 33 млрд 750 млн теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру фитнес желісін мемлекет меншігіне қайтарып отыр.
Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:
Атап айтқанда, оңтүстік мегаполисте ораналасқан «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, жалға берумен мүлікті басқарумен айналысатын серіктестік. Almaty towers бизнес орталығының аумағында орналасқан нысанның аумағы 11 мың шаршы метрден асады. Сондай-ақ Фитнейшн фитнес клубтар желісі мемлекет меншігіне өтті. Нысандар Астана, Алматы, Қостанай қалаларында орналасқан.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Аталған нысандардың қазіргі жағдайына тоқталсақ, Фитнейшн фитнес клубы келушілерді қабылдап жатыр. Ал жерасты сауда орталығы «Алмалы» жөндеу жұмыстарынан кейін әлі ашылмаған. Almaty towers бизнес орталығының аумағында орналасқан жалға берумен мүлікті басқарумен айналысатын серіктестіктің офисін таба алмадық. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, ол «Рахат палас» қонақүйінде орналасқан. Қоғам белсенділері бұл нысандарды қайтадан жекешелендіру керек дейді.
Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
Қазір бізде жеке кәсіпкерлер саны 2 миллионнан асып кетті. Көбісінің осыған қолы жетпей жүр. Бұл жақсы ғимараттар, әділ түрде конкурс жариялап, өткізу керек. Сату керек. Бұрын болмаған дүние. Ең көрнекті нәтиже Боранбаевтың қайтаруы. Жеңіл қайтарды деп айтуға болады. Өзі түсінген шығар түрмеде отырғанша қайтарып берейін деп. Бәрібір қайтару керек болады дегендей.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Сонау 90-шы жылдары жекешелендіру саясатын пайдаланып қаншама кәсіпорындарға, нысандарға заңсыз ие болғандар, одан бері қарай түрлі жолмен мемлекет қаржысын жымқырған 150-ге жуық адам бар дейді, қоғам белсенділері. Олардың айтуынша, Қайрат Боранбаевтың ісі соларға үлгі болуы қажет. Ал Боранбаевтан қайтарылған нысандарда енді әлеуметтік мекемелерге айналмақ. Яғни, олардың орнында білім беру мен демалыс орталықтары ұйымдастырылуы мүмкін. Бұл да заңсыз иеленген активтердің қайтарылғанын халық нақты сезінуі үшін жасалған қадам, дейді сарапшылар.
Нұрсұлтан Тілектес