Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы дейтін ұйым бар. Жаһандағы құрлықтың алтыдан бірін алып жатыр. Сөйте тұра, осынау кеңістікте жер тұрғындарының 3,5 пайызы ғана өмір сүреді. Әлемдегі газ бен көмір қорының 30, мұнай қорының 20, уранның 36, алтынның 20 пайызы осы аймақта жатыр.
Адамзатты асырауға жарайтын құнарлы алқаптардың 13 пайызы ТМД елдеріне тиесілі. Қысқасы, қазыналы мекен. Мақтанарлық статистика. Бірақ осы ТМД елдерінің жаһандық экономикадағы үлесі 4 пайыз шамасында ғана.
Ал мүмкіндік өте мол. Тек оны тиімді пайдаланбақ керек. Сол үшін басшылар жиі кеңес құрады. Осы аптада ТМД-ға мүше елдер басшылары Бішкекте бас қосты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жиында посткеңестік аймақта құрылған ұйымның даму барысына көңілі толатынын білдірді. Ұйым жанынан серіктес және бақылаушы мәртебесі бекітілгеніне ризашылық танытты. Алайда алып аумақта орналасқан мемлекеттерге санкция салқыны әсер етуі мүмкін екенін де ескертті.
Қазақстан бұл амалды қолдамайтынын айтты. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалау идеясына қатысты ойын тағы қайталады. Реформа асығыс жасалмауы қажет екенін атап өтті.
Қысқасы, Бішкекте өткен кеңесте Қазақстан басшысы алыс-беріс пен барыс-келісті күшейтуден бастап, ұйым жұмысын жетілдіру, су мәселесі, азық-түлік қауіпсіздігі тәрізді өзекті тақырыптарға тоқталды. Бұл мәселелер тек ТМД ғана емес, күллі адамзатты алаңдатуға тиіс.
Алдымен Шығыс Еуропаны, одан соң Таяу Шығысты шарпыған соғыс өрті адамзаттың жік-жікке бөлінуін күшейтіп жіберді. Ал ТМД-ға мүше бірқатар ел қазірдің өзінде су тапшылығын ғана емес, геосаяси шиеленістер салқынын сезіне бастады.
Мұндайда елдің орнықты дамуы мен қоғамдағы тыныштықты сақтау өзекті бола түседі. Табиғаттың тосын құбылысына қарсы тұрар қауқар жоқ. Бірақ геосаяси дауылдардың алдын алу мүмкіндігі әрқашан сақталады. Сондықтан кейде өзгенің көңіліне қарауға тура келеді.
Бішкекте өткен жиында айтылған өзекті тақырыптардың бірсыпырасы осы. Қалғанын Әсима Нұрбайқызы тарқатсын.
Қырғызстанда қауіпсіздік күшейді. Осы апта Бішкек саяси алаңға айналды. Себебі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының саммиті. Салмағына қарай даярлығы да тыңғылықты. Тәртіп сақшылары қала көшелерінде сымдай тізіліп тұр. Ішкі істер құрылымының төрт мыңнан аса қызметкері арнайы тартылған. Қаланың негізі нүктелерінде көлік қозғалысы шектеліп, мектептер бір күнге онлайн оқуға көшірілді. Тіпті Бішкекте самокатпен жүруге де тыйым салынды.
Ала Арча резиденциясы. ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі. Садыр Жапаров құрметті қонақтарын кезекпен қарсы алып тұр.
Алайда ортақ тақырыптарды бірге қаузайтын достастық кеңістігіндегі елдер басшыларының екеуі биыл қалыс қалды. Мәселен, жиыннан қалмайтын Армения премьер министрі Пашинян бой көрсетпеді. Молдова басшысы да жоқ. Қалған сегіз елдің Президенті осында.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
ТМД мемлекеттері басшылары жыл сайын жолығады. Ал, Бішкек ұйым мүшелерін осымен төртінші мәрте қабылдап отыр. Кезекті суретке түсу сәті. Осылайша отыз төртінші отырыс тарихқа еніп барады.
Тыныштық. Осы ұғымның қадірі артқан тұста интеграцияға бастайтын кез келген саяси қадам маңызды. Ал ТМД аумағында басы ашық сұрақ көп. Тұрақтылық соның бастысы. Мүше мемлекеттер өзекті мәселелерді талқылау үшін жиі жиналады. Бірақ, кейде мүдделері сәйкес келе бермейді. Сондықтан кикілжіңдерге қатысты келісім орнату үшін кеңеседі. Қауіпсіздік бұрыннан күн тәртібінен түскен жоқ. Бірақ дәл қазір маңызы арта түсті. Жиында тек ішкі проблемаларды қамтылып қоймай, жаһандағы жағдай да сараланып отырады. Қазір Таяу Шығыстағы ахуал жаһанды алаңдатып қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан халықаралық өзекті проблемаларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға мүлдем қарсы. Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл – еш ақтауға келмейтін әрекет.
Халықаралық қатынастарға қатысты қағидат жалғыз. Ол – әділдік. Осылай деген Президент барлық қоғамдастық мүшесінің заңды және егемендік хақын ескеруді айтты. Яғни тұрақты саясат берекелі саудаға бастайды. Ал қазір әлем экономикасы теңселіп тұр. Қайтпек керек? Қасым Жомарт Тоқаев жаһандық сауда саттық пен мемлекеттердің әл ауқатына кері әсер ететін экономикалық санкцияларды қолдануға түбегейлі қарсы екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазіргі тоқырау жағдайында әмбебап ұйымның өкілдік аясы анағұрлым кең органы саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін күшейтуге мүмкіндік бар, әрі қажет деп есептеймін. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде асығыстық танытуға болмайды. Біздің ойымызша, бұл маңызды органға әлемнің барлық аймағының елдері, соның ішінде жаһандық Оңтүстік мемлекеттері мүше болуға тиіс. Шын мәнінде, бұл ұстанымды осы жиынға қатысып отырған мемлекеттер басшыларының барлығы құптайтыны қуантады.
Дегенмен, өңірде шешілмеген мәселе көп. Айталық, шекарадағы түйткілдер еркін сауда аймағын қалыптастыруға кедергі.
Елдар Абакиров, экономист:
Еуропада көріп жүрсіздер ғой, мәселен Польшадан Чехияға қалай өтіп кеткеніңізді аңғармай қаласыз. Біз де сондай деңгейге жете алсақ, онда Орталық Азиядағы әрбір ел экономикалық жағынан қатты өседі. Өйткені, біздің әлеуетіміз зор. Соны қолдана алмай отырмыз.
Бұл мәселелерді Мемлекеттер басшылары біледі. Сауда кедергілері, тариф мәселелерін реттеу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік рәсімдерді жеңілдете түсу керегін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалды. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Қазақстанның сауда айналымы 7 айда 4,5 пайызға өсіп, 20,5 миллиард долларды құрады. Біз сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалануымыз қажет.
Қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана алсақ, аймақты ірі көлік логистикалық хабқа айналдыруға болады. Оған географиялық мүмкіндік мол. Бірақ, қазіргі инфрақұрылымды жаңғырту қажет. Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Бұл құжат Еуразия кеңістігіндегі Достастық елдерінің мүдделерін ескеретін жаңа транзиттік-логистикалық кодқа айналмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық-транзиттік тасымалдың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Біз Транскаспий көлік бағытын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін одан әрі дамытуға, сондай-ақ «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануға айрықша мән береміз. Қазақстан «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобаларын тезірек іске асыруды көздейді.
Аймақты алда алаңдататын тағы бір өзекті мәселе бар. Ол – су. Алдағы жылдары Орталық Азиядағы ірі мұздықтардың 30%-ы еріп кетеді деген болжам бар. Қазірдің өзінде тіршілік нәріне қатысты мәселе күшейе бастады. Ал келісім құжаты ескірген.
Ерболат Саурықов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
ТМД елдері арасындағы осының алдындағы келісім 2000-жылдары жасалған. Ал оның алдындағы келісім кеңес дәуірі кезінде жасалған. Әлі күнге дейін біз мысалы Талас, Шу өзенінің суды жіберу текше метрлік нормативтерін сол кеңестер Одағындағы құжатпен алып отырмыз. Одан бері қараңыз біздің жерімізде қанша өзгерістер пайда болды. Көптеген өзімізден құятын өзендер тартылып кетті, жерасты сулар тартылып кетті. + Міне осының бәрін есептейтін болсақ алдағы 2040 жылдары бізде шын мәнінде су мәселесі өте қиын болады.
БҰҰ-ның болжамы да қуантпайды. 2050 жылға қарай климаттағы өзгеріс салдарынан бес миллиардтан астам адам суға зәру болады. Президент бұл проблеманы елеусіз қалдырмау керегін тағы айтты. Әрі күш-жігер жұмылдырмай, Еуразия кеңістігіндегі экологиялық катаклизмдердің салдарын еңсеру мүмкін емес екенін ескертті.
Бақыт Бакетаев, саясаттанушы:
Мысалы Еуропада Дунай өзені 7 мемлекетті кесіп өтеді. Оларда ортақ конвенция бар. Яғни өзен суын пайдаланушылар осы құжатқа сүйенеді. Менің ойымша біз де осындай конвенция қабылдасақ, суды пайдаланатын мемлекеттер арасында әділетті, келісім орнайды.
Бар гәп сол келісімге байланысты. ТМД алаңында талқыланып, тапсырылған жобалар кейде жылдап жүзеге аспайды. Бір ғана мысал шетелдік инвестицияларға қатысты құжат он 10 жылдан асқанда ғана қабылданған.
Жылдыз Қожобекова, Қырғыз республикасы Сыртқы істер министрлігі департаменті директорының орынбасары:
Биыл жазда еркін сауда және шетелдік инвестициялардың қызметі мен жүзеге асырылуы туралы келісімдерге қол қойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар 12 жыл бойы жүргізілді. Бірақ биыл ғана осыған қатысты соңғы шешімге келіп, экономикалық интеграцияның тағы да терең дамуына жол аштық.
Қазір аймақаралық 66 салалық орган жұмыс істейді. Дегенмен ТМД ұйымына қатысты сын көп. Көптеген халықарлық сарапшылар келешегіне күмәнмен қарап отыр. Ал, кейбірі кереғар пікірде.
Игорь Шестоков, саясаттанушы:
Мысалы Қырғызстандағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс Ресеймен серіктестік орнатқанымен ТМД аясында іске асып отыр. Біз визасыз аймақтамыз. ТМД аясында келісім бекітілген елдерге визасыз кіре береміз. Бұл да маңызды аспект. Былтыр Ресей мен ТМД арасындағы сауда айналымы 100 млрд доллар болды. Яғни ұйымға балама жоқ қазір. Мүмкін динамикасы баяу деп сынар, бірақ баламасы жоғы анық.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Саммитте ең көп айтылған сөз - қауіпсіздік. Бастысы ішкі және аймақаралық қауіпсіздік. Азық түлік, энергетика мен ауыз суға қатысты қауіпсіздік те ойландырып қойды. Тұрақтылық болмаса барлық сала тұралайтыны анық. Оның үстіне жаһандағы ахуал да қиын. Бұның бәрі қауіпсіздікті нығайта түсу үшін бірлесе күш салу керегін көрсетіп берді.
Асима Нұрбайқызы