«7-20-25» бағдарламасы 2029 жылға дейін жалғасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«7-20-25» бағдарламасы 2029 жылға дейін жалғасады

13.10.2023

«7-20-25» ипотекалық несиелендіру бағдарламасы 2029 жылға дейін жалғасады. Бұл туралы Ұлттық банк өкілдері мәлімдеді. Айта кетейік, аталған бағдарламаға жылына 100 млрд теңге бөлінеді. Биыл да 1-ші қазаннан бастап төртінші тоқсанның лимиті басталды. Алайда, сұраныс көп бағдарламаның межелі лимиті бірден толған.

Санжар Төлеубеков 7-20-25 бағдарламасына өтінім бергенін айтады. Алайда сайт істен шыққан. Айтуынша бағдарлама талабына толық сәйкес келеді. Ресми жұмысы бар, жасы 21-ден асқан әрі басында ешқандай пәтер жоқ.

Санжар Төлеубеков, тұрғын:

Конкурсқа қатысуға жасым сай, басымда мүлік жоқ, жұмысым бар. Бірақ соның өзінде қатыса алмадым. Тіркелу мәселесі болды. Сайтта қандай да ақаулар болды. Таныстарымнан көрдім бағдарламаға қатысып жатқанын.

Сайттың істен шығуын мамандар сұраныстың көптігімен байланыстырады. Алайда, бағдарламада ешқандай шектеу жоқ екенін айтады. Іліге алмаған адам келесі кезеңге қайтадан өтініш бере алады. Ал өтінімдер қалай қаралады?

Айбар Олжаев, «Қазақстанның орнықтылық қорының» сыртқы байланыстар бойынша бас менеджері:

Банктер өтініштерді өздері қабылдап, өздері рәсімдейді. Кім өтеді, кім өтпейтінін өздерінің скоринг жүйесі бойынша шешеді. Өткендеріне кредит береді. Содан кейін бағдарламаның операторы ретінде банк берген кредитті сатып аламыз. Яғни банкке ақшаны қайтарып береміз де, кредитті өзімізге аламыз.

Бағдарламамен 2018 жылдан бері 70 мыңнан астам адамға, яғни 946 миллиард теңгеге ипотекалық несие берілген. 7 пайызбен 25 жылға дейін ипотекалық несие. Алғашқы жарна үйдің бағасының 20 пайызын құрайды. Бағдарлама 5 жыл бойы жұмыс істеп келеді.

Алматы

Ұлан Дәулетқали, сарапшы:

Бұл бағдарлама бойынша тек қана алғашқы нарықтан пәтер алу мүмкіндігі бар. Максималды берілетін пәтер құны 25 млннан аспауы тиіс. Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша. Басқа өңірлер үшін 15-20 млн деп төмен түсе береді.

Аида Ахметбек, тілші:

Қазір 7 банк ипотекалық несие береді.Әр банктің өтініш қабылдауы ішкі ережесіне сай жүргізіледі. Кейбір банк өтінішті қағаз жүзінде, енді бірі онлайн қабылдайды. Биыл бір мезетте 13 мың адам онлайн өтініш берген

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу