Израиль Газа халқына түгелдей көшуді ескертті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израиль Газа халқына түгелдей көшуді ескертті

13.10.2023

Израиль Газа қаласы мен оның айналасындағы елді мекендердің 1,1 миллион тұрғынына, көшіп кетуге 24 сағат уақыт берді. Кейбір бақылаушылардың ойынша, Израиль осылайша құрлықтық операция бастауға әзірленіп жатыр.

Ал сенбіден бері Израиль әуе күштері Газа секторына 6 мың бомба тастап, 3600-ден астам ғимаратты қиратқан. Үйлер, ауруханалар және өзге де нысандар үйіндіге айналды. 340 мыңға жуық бейбіт тұрғын үйлерін тастап кеткен. Соғыстың басталуына хамастықтардың өткен апта соңында Израильдің оңтүстігіне басып кіруі себеп болды. Исламдық қозғалыс бұл шабуылды палестиналықтардың жерін оккупациялап, Газаны 16 жыл бойы блокададан босатпай отырған Израильге қарсылық ретінде ұйымдастырған. Соңғы мәліметке қарағанда, бүгінге дейін 1300-ден астам израильдік, 1400-дей палестиналық мерт болыпты. Тағы мыңдаған адам жараланған.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу