Қазақстан нарығында тағам жеткізу қызметін енді дрон атқаруы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан нарығында тағам жеткізу қызметін енді дрон атқаруы мүмкін

12.10.2023

Қазақстанның нарығында тағам жеткізушілердің қызметін енді дрон атқаруы мүмкін. Ұшу аппараты 20 келіге дейін салмақты көтеруге қауқарлы. Техниканың жаңа түрі «Digital bridge» көрмесіне қойылды. Жоба авторы Американың «ARC» компаниясы. Мекеменің техникалық директоры Әлібек Ертай, бұған дейінгі дрондар тек 5 келіге дейін ғана көтеруге қауқарлы болғанын айтады. Ал, жаңадан құрастырылған аппарат ауыр салмақты тез жеткізіп береді.

Әлібек Ертай, «ARC» компаниясының техникалық директоры:

Жиырма келіге дейін көтере алады. Бір сағат ұшады далада. 42-45 км жылдамдықпен ұшып жүреді. Біз Қазақстанда бұларды алып келмей, осы жақта жасағымыз келеді. Екіншіден, осы жақта тасымалдауды бастағымыз келеді.

Түрлі креативті идеямен, смарт технологияның соңғы үлгісімен жасалған осындай түрлі жобалар көрмеге қойылды. «Қазақстан IT мемлекет», «Жасанды интеллектті пайдаланудың сын-қатері мен тәуекелдері», «Жасанды интеллект шығармашылық ортаны қалай өзгертеді» сынды түрлі тақырыптарда панельдік сессиялар да ұйымдастырылды. Маман ретінде жауап берген кинорежиссер және продюсер Тимур Бекмамбетов жасанды интеллект актерлердің көмекшісі болатынына сенімді.

Тимур Бекмамбетов, кинорежиссер және продюсер:    

Жасанды интеллектті өзіміз жасап отырмыз. Баламыз сынды. Біз дұрыс тәрбиелейтін болсақ, ол бізге көмектесетін болады.


Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу