Таяу Шығыста қақтығыс құрбандарының саны артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таяу Шығыста қақтығыс құрбандарының саны артты

10.10.2023

Әлем лидерлері Таяу Шығыстағы жағдайға алаңдаулы. Түркия президенті соғысты тоқтатуға шақырды. Атыс-жарылыстан 1600 адам қаза тапқан. Израиль әуе соққыларын күшейтті.

Израиль Газа секторын әуеден атқылауды үдете түсті. «Хамастың» әскери нысандары мен басқару орталықтарын жою көзделген. Бұған қоса, Израиль күштері қарулы топқа қарсы құрлықта операция бастауға дайындалып жатыр. Соңғы мәліметтерге қарағанда, «Хамас» мүшелерінің тұтқиылдан жасаған шабуылынан 900-дей адам қаза тауып, 2600-ден астам адам жараланған. Олардың арасында шетел азаматтары бар. Таиланд 18 азаматының, АҚШ 11 америкалықтың мерт болғанын растады. «Хамас» 150-дей адамды тұтқынға түсірген.

Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-Министрі:

«Хамастың» Газадағы бекіністерінің қираған суреттері - тек бастамасы ғана. Жүздеген террористің көзін жойдық. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. «Хамас» жүрген жердің барлығы жермен-жексен болады.

Ал қарулы топ Израильге ескерту жасады. Газа секторындағы бейбіт тұрғындардың үйлерін ескертусіз бомбаласа, тұтқындағы израильдіктерді дарға асатынын мәлімдеді. Әуе шабуылдарынан 687 палестиналық қаза тапқан. Жараланғандар саны 3700-ге жетті. Израиль Газа секторын блокадаға алып, электр қуаты, отын, азық-түлік кіргізуді тоқтатты. Мұнда 187 мың тұрғын үйлерін тастап кеткен. Әлем лидерлері тараптарды атысты тоқтатуға шақырды.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қақтығысты өршітетін қадамдарға бармауға үндеп, арағайындық танытуға ниет білдірді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Израиль әкімшілігін Газадан бастап Палестина жерін бомбалауды тоқтатуға, ал палестиналықтарды Израильдегі елдімекендерге күш қолдануды тоқтатуға үндейміз.

АҚШ, Ұлыбритания, Франция мен Италия лидерлері біріккен мәлімдеме жасап, Израильге қолдау көрсетуге уәде берді. Бұған қоса АҚШ қосымша қару-жарақ, Израильге жақын маңға әскери кемелер жібере бастады. Әлемнің түрлі елінде Палестинаны, Израильді қолдайтын шерулер өтіп жатыр.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу