Басты Жаңалықтар Президент Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдауға рұқсат берді

Президент Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдауға рұқсат берді

Әлем жаңа соғыс алдында тұр ма? Израиль мен Палестинаға төрткүл дүние көз тігіп отыр. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әлеуметтік желідегі парақшасында «Біз ХАМАС ұйымдастырған қанды шабуылдан кейін ұзақ әрі қиын соғысқа кірісіп жатырмыз» деген жазба қалдырған.

Жетпіс жылға жуық созылған текетірестің қайта ушығуы неге алып келеді? Бұл тақырыпқа кейін қайта ораламыз.

Мәскеуге ойыссақ. Соңғы айларда жиі талқыланған Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның «үштік газ одағы» жүзеге аса бастады. «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырымен Ресейдің табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосылу рәсімі кеше өтті.

Оған үш ел президенті де қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Газ саласы мемлекеттеріміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуында зор рөл атқарады деуге болады. Сондықтан бұл жоба барлық қатысушы тараптың мүддесіне сай келеді», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан өз аумағында магистральді газ құбырын дайындауды уақтылы және толық аяқтады. Жоба Ресей газының экспортқа шығу бағыттарын әртараптандырып, Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға септігін тигізеді. Сондай-ақ Өзбекстанның жылына 3 миллиард текше метрге дейін жететін және жылдан-жылға артып келе жатқан табиғи газға деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол елдеріміздің өнеркәсібін дамытуға, бизнес-ахуалды жақсартуға, азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруға тың серпін береді.

Мемлекет басшысы бұл жобаның Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға да сеп болатынын атап өтті. Әр тарап бұл жобаның экономикалық тиімділігіне баса мән беретіні айтпаса да түсінікті. Соғыс, оған батыс салған санкциялар солтүстіктегі көршімізді қосымша нарық іздеуге мәжбүрлеп отыр. Өзбекстанда газға деген сұраныс жылдан-жылға артып барады. Әсіресе өткен қыс қатты болып, қысылғаны бар.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

Өзбекстандық достарымыз газ тасымалын реттеу туралы өтінішін бізге өткен жылдың соңында жеткізгенін еске салғым келеді. Оған жылдам реакция білдіріп, «Газпром»-ға тиісті тапсырмалар беріп, олар Қазақстан мен Өзбекстаннан серіктестермен бірге техникалық детальдарды пысықтады. Ал маусымда Петебург халықаралық форумы аясында Өзбектсанға Ресей газ тасымалы бойынша контрактке және оны Қазақстан арқылы тасмылдау жөніндегі келісімге қол қойылды.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:

Экономика мен халықты көміртекпен үзіліссіз қамтамасыз ету үшін газдың қосымша көлемінің тасымалы маңызды. Осы жобаны жүзеге асыру – Ресей, Қазақстан мен Өзбекстанның энергетикалық саладағы сәтті әріптестігінің көрінісі.

«Қазақстан не ұтады?» деген заңды сұрақ туындайды. Қазақстан жылына 53 млрд текше метр көлемінде газ өндіргенімен, үштен бірі жер қабатына кері қайтады. 20 млрд текше метрдейі ғана тауарлы газға айналдырылады. Ал сұраныс Қазақстанда да артып жатқаны белгілі. Солтүстік пен шығысқа газ тартылмаған. Әрі Ресейдің Өзбекстаннан бөлек Қытай, Үндістан, Пәкістан сияқты үлкен нарыққа қызығып отырғанын сарапшылар жиі айтып жүр. Үндістанда газ тұтынушылар нарығы 3 есе, Пәкістанда 2 есе өседі деген болжам бар. Ал Қытайға газ тасымалы үшін Қазақстан «Бейнеу – Бозой – Шымкент» құбырын ұсына алады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырын іске қосу рәсімінде бұл транзиттің жұмысын кеңейтуге ынталы екенін білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жылына 255 миллиард текше метрге дейін газ тасымалдай алатын магистральді газ құбырының 20 мың шақырымнан астам бөлігі еліміздің аумағы арқылы өтеді. Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін толық пайдалануға мүдделі және Ресей газын тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға дайын.

Ресейден Орталық Азияға газ тасымалының схемасы мынадай: Саратовтағы «Александров Гай» компрессор станциясынан арнайы дәліз арқылы Қазақстан шекарасына дейін «Мақат» компрессор станциясына дейін жеткізіледі. Одан соң Өзбекстан тарапы жаңадан салынған «Қарақалпақия» газ өлшеу станциясы қабылдап, ары қарай жаңа учаске «Бухара-Орал»-ға жөнелтеді. Бағыттың ашылу рәсіміне үш елдің станциялары онлайн қосылып, дайындықтың аяқталғаны жөнінде хабарлады. Ал бұл шарадан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бөлек кездесіп, келіссөз жүргізді. Тараптар сауда-экономика, энергетика, көлік-логистика және басқа да салалардағы ықпалдастықты жалғастыру маңызды екенін атап өтті, - деп жазылған Ақорда сайтында.


Бөлісу